Израильдегі қазақстандық студенттер елге оралады

Израильдегі қазақстандық студенттер елге оралады
Сурет: Astanatv.kz

Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Израильдегі соғыс жағдайына байланысты ондағы «Болашақ» стипендиаттары елге қайтарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Израильде «Болашақ» бағдарламасы арқылы 16 адам білім алып жатқан. Оның ішінде Хайфа қаласында 12 студент бар. Қалған 4 студент басқа қалалардағы ұйымдарда тағылымдамаға кеткен. Олар бүгін Қазақстанның эвакуациялау ұшағымен елге қайтарылады», - деді орталықтың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ орталықтың баспасөз қызметі олардың оқуын жалғастыру мәселесін арнайы қарастыратынын жеткізді.

Айта кетейік, Израильдегі Қазақстан елшісі Сатыбалды Бұршақов Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмысы қалай жүріп жатқанын баяндаған еді.

«Қазірдің өзінде Қазақстанның 150 азаматын тізімге тіркедік. Арнайы рейстің ашылғанын таңертең жариялағандықтан, күндіз қоңырау шалған адам көп болды. Бағана айтқандай, біз тізімді әу бастан жасап қойғанбыз, кімнің қайда екенін алдын ала біліп отырдық. Соның арқасында жұмыс жеңіл өтті», - деді Сатыбалды Бұршақов.