Израиль – Палестина: Геосаяси жағдай күрделі

Израиль – Палестина: Геосаяси жағдай күрделі
almaty-akshamy.kz

«Өркениеттер қақтығысы» тұжырымы: талқы қайта жандана ма?

7 қазан таңертең төбемізге жай түскендей болды. Таяу Шығыста тағы да соғыс оты тұтанды. Онсыз да саяси тұрақсыз аймақтағы геосаяси жағдай күрделене түсті. Халқымыз «50 жылда – ел жаңа» дейді. Бұл сөзді халықаралық қатынастарға да қолдануға болатын сыңайлы. Сонау 1973 жылы Израиль мен Палестина арасы нашарлап, соғыс әрекеттеріне ұласқан еді. Енді міне, тағы да. Бұл оқиға атақты америкалық зерттеуші Самуэль Хантингтон айтқан «Өркениеттер қақтығысы» тұжырымы төңірегіндегі талқының қайтадан жандануына түрткі болып отыр.


Жаһанданған заман, цифрланған әлем

Адамзат бұрын-соңды болмаған жаһандану заманын бас­тан өткеруде. Мемлекеттер арасындағы шекара шартты деп айтсақ та болар. Шекараның шартты бола түсуіне төртінші өндірістік революция да ықпал етуде. Әлем цирфланып жа­тыр. Өміріміз виртуалды бола түсуде. Қазір цифрлық құрыл­ғыларсыз өмірімізді елестете алмайтындай халге жеттік. Неміс экономисі Клаус Шваб «Төртінші өндірістік револю­ция» атты фундаменталды еңбегін жазғанда осыны тұспалда­ған болар. Иммануил Кант айтып кеткен «әлем азаматы» тұ­жырымы өміршең бола түсуде. Қазір кез келген адам әлемнің қалаған еліне қоныс аудара алады. Сол елдің азаматы атануға құқылы. Туып өскен еліне байланып қалу деген жоққа айнал­ды.

Дегенмен, соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы әлемде болып жатқан оқиғалар көп сұрақ туындатады. Ұлттық мем­лекеттердің ықпалы шынымен де жоғалып бара ма? Әлде өркениеттік, мәдени байланыстар беки түсті ме?

Исламның қайта өрлеуі

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында халықаралық қауымдастықты дүр сілкіндірген геосаяси тұжырымдама өмірге келді. Американдық ғалым Самуэль Хантингтон тарих аяқталған жоқ деп мәлімдеді. Осылайша Фрэнсис Фукуяма­ның батыс әлемінің үстемдігі орнады деген тұжырымына ке­реғар пікір білдірді. Оның болжамы бойынша әлемде алдағы уақытта өркениеттер арасында қақтығыс болуы мүмкін.

С.Хантингтон 1993 жылы Foreign Affair журналында «Өр­кениеттер қақтығысы ма?» деген атаумен мақала жариялайды. Бұл Ф.Фукуяманың «Тарихтың соңы ма?» атты еңбегіне жауап болды. Ол әлемді 9 өркениетке бөледі. Оларға Правос­лав, Батыс, Ислам өркениеті, Үнді өркениеті, Қытай өрке­ниеті, Жапон өркениеті, Латын америка өркениеті, Африка өркениеті, Будда өркениеттері кіреді.

Хантингтонның ойынша, өркениеттер қақтығысының бо­луының бірнеше себептері бар. Ең басты себеп – өркениет­тердің бір-бірімен айырмашылығы өте тереңде жатыр. Олар бір сәтте жойылып кетпейді. Сондықтан үнемі қақтығыста болады. Екіншіден, әлем кішірейіп жатыр дейді ғалым. Яғни өркениеттер арасындағы байланыс күшейген сайын олардың өздерін тану үрдісі күшейе бермек. Үшіншіден, батыстың үстемдігі өзге өркениеттермен қақтығысты тудыруы мүмкін. Одан басқа экономикалық аймақтану үрдісі күшейіп келеді. Ол өз кезегінде әр өркениетті өз ішінде бірігуге ықпал етпек.

Ғалымның ислам өркениетіне қатысты айтқан ойлары құнды. Ол ислам әлеміндегі демографиялық өсім мен фунда­менталистік қозғалыстар факторлары болашақта халықара­лық қатынастарға үлкен әсер етпек. Осы факторларды Хан­тингтон «Исламның қайта өрлеуі» деп атады. Әлем тарихынан белгілі, батыс (христиан) әлемінде қайта өрлеу дәуірі XIV-XVI ғасырларда еуропада өткен. Тура сондай үрдіс ислам әлемінде де өтіп жатыр дейді ғалым. Алайда, фундамента­листік қозғалыс арқылы өтуде. Фундаменталистік қозғалыс­ты радикалдану деп ұғыну қажет. Яғни исламның радикалда­нуы. Бұл қайта өрлеу қанмен басталды дейді ғалым. Оған түрткі болған 1979 жылғы Ирандағы революция мен 1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс деп тұжырымдады.

1973, 2001 және Араб көктемі

Біздің ойымызша Ислам әлеміндегі қайта өрлеу одан да ертерек басталды. 1973 жылғы араб-израиль соғысы оған түрткі болды. Соғыста араб елдерінің коалициясы жеңілді. Осылайша араб елдерінде ішкі наразылық күшейе түсті.

1990 жылғы Парсы шығанағындағы соғыс араб әлеміндегі жағдайды одан сайын ушықтырды. Ал 2001 жылы 11 қыркү­йекте АҚШ-та әлемді өзгерткен оқиға орын алды. Қайғылы оқиға. Бүкіләлемдік сауда орталығына жасалған террористік әрекеттен мыңдаған адам мерт болды. Осыдан соң АҚШ тер­роризммен күрес саясатын бастады.

Байқасаңыздар, С.Хантингтон айтқан ислам әлеміндегі фундаменталистік қозғалыстың алғашқы белгісі дәл осы тер­рористік шабуылда көрінді. Одан кейін 2011 жылы араб ел­дерінде бірінен соң бірі наразылықтар басталды. Ғылымда мұны «араб көктемі» дейді. Шынымен де, араб әлемінде біз елей алмайтын өзгеріс жүріп жатыр. Алайда, бұл араб және батыс өркениеттері арасындағы қақтығыс па?

Сөзсіз бұл екі өркениеттің қақтығысы. Бұл тұста Хантинг­тондікі дұрыс. 7 қазаннан кейін Палестинаны қолдап, наразы­лыққа тек бірнеше араб елдері халқы ғана шыққан жоқ. Австрияда, Германияда, Францияда, тіпті Аустралия мен Оңтүстік Африка республикасында палестиналықтарды қол­дау акциялары өтті. Мұның бәрі бекер емес. Өзге елдің азама­ты бола тұра, тіпті сонда уақытша тұрса да мұсылмандық бі­регейлілік үстем болуда.

Десе де, мәселенің астары бұдан да тереңде жатыр. Белгілі француз философы Алексис де Токвиль «Америкадағы демо­кратия» атты еңбегінде, сонау XIX ғасырда, болашақта бәрібір демократия бүкіл әлемге тарайды деп болжап еді. Осы пікірге сүйене отырып, араб әлеміндегі жағдайда түсінік беруге бола­ды. Ол елдерде саяси жүйе демократия­ланбай, халықтың әлеуметтік жағдайы түзелмейді. Әлеуметтік-экономикалық жағдай түзелмесе саяси толқулар бола бермек. Иә, рас, сыртқы фактордың орны бар. Алайда, ішкі жағдай маңыздырақ.

«Аlmaty-akshamy», №122 (6415) 14 қазан, 2023 жыл