Ипотека алу азайып, несие алу көбейді

Ипотека алу азайып, несие алу көбейді
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы қыркүйек айының аяғында банктердің несие портфелінің жалпы мөлшері 27,7 трлн теңгеге жеткен.

Тоғыз айдың ішінде өсім көрсеткіші - 14,2 пайыз. Кредиттік секторда бөлшек несие портфелі (жеке тұлғаларға берілген несиелер) баяу өсе бастағаны байқалған, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Былтыр бұл көрсеткіш 21,5 пайызға тең болса, биыл 18,5 пайыз ғана болған. Оған қоса қарыз алушылардың саны азайған – былтыр 373,3 мың адам несие рәсімдесе, биыл тек 327,6 мың адам несие алған. Әсіресе ипотека алу көрсеткіші күрт азайғаны байқалады. Былтыр өсім 28,8 пайыз болса, биыл, яғни 2023 жылы 9,9 пайызға дейін төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, өз кезегінде бұл тұтынушылық несиелендіру көрсеткішіне кері әсер етеді – 2022 жылғы қаржылық тұрақтылық есебі бойынша, Қазақстанда ипотека алушылардың жартысынан көбі алдағы 3 айда тұтынушылық несие алады. Айта кетейік, ипотекалық несие нарығындағы сұраныстың төмендеуі әуелі жеңілдіктер қарастырылған бағдарламаларды, оның ішінде "7-20-25" бағдарламасын қаржыландырудың шектелуімен байланысты. 2023 жылы бұл бағдарламаға бөлінген қаржы мөлшері небәрі 100 млрд теңге болған еді, яғни әр тоқсанға 25 млрд теңге бөлінген. Осылайша нарықтық ипотекаға сұраныс бірте-бірте артып келеді – былтыр 10 ипотеканың тоғызында жеңілдіктер қарастырылса, бүгінде барлық несиенің шамамен 25 пайызы нарықтық шарт бойынша беріліп жатыр.