Интернет саудадағы алаяқтықтан қалай сақтануға болады

Интернет саудадағы алаяқтықтан қалай сақтануға болады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Электрондық коммерцияның дамуымен қатар интернет-алаяқтық қарқын алуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің өкілдері интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Департаментте киберқылмыскерлердің құрбаны болған тұрғындардың шағымдары жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері Департаментке азаматтардан 3500-ден астам өтініш келіп түсті, кәсіпкерлерге қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілді және сәйкесінше 120 әкімшілік хаттама жасалды, сондай-ақ тұтынушыларға 90 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

"Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында көптеген шағымдар келіп түсуде. Көбінесе тұтынушылардың құқықтары электрондық сауда саласында бұзылады. Бұл ретте жосықсыз кәсіпкерлер тарапынан алаяқтық фактілері бар. Сонымен қатар, азаматтар "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларымен жеткілікті түрде таныс емес, бұл олардың кәсіпкерлер тарапынан заңды құқықтары мен мүдделерін бұзылуына алып келеді", - деді Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимурзаев.

Азаматтарды қорғау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері өз кезегінде тұрақты негізде консультативтік-ағарту жұмыстарын жүргізетінін айтып өтті.

Сондай-ақ, Алматы қаласының департаменті қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен ашық есік күндерін, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушының құқықтық сауаттылығын арттыру үшін азаматтарды қабылдауды тұрақты негізде өткізеді.

"Кәсіпкерлер үшін электрондық сауданың әлеуеті зор, өйткені біз қарқынды дамып келе жатқан технологиялар кезінде өмір сүріп келеміз және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды пайдаланатын тұтынушылар саны күн сайын артып келеді. Артықшылықтары ретінде: шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа инновациялық жобаларды ашу, сондай-ақ бұрыннан бар компанияларды жаңғырту, көлеңкелі айналымды қысқарту, халық пен кәсіпкерліктің құқықтық және цифрлық сауаттылығын жақсартуды атап өткен дұрыс", - деді Н. Бимурзаев.

Дегенменде, тұтынушылар жосықсыз кәсіпкерлерге де тап болып жатады: пошта арқылы тұтынушы тапсырыс берген өнім мүлдем келмейді, немесе сапасы жарнамада, интернет-сайтта көрсетілген өнімге сәйкес келмейді.

Алаяқтықтың ең көп таралған түрі - бұл сайттар мен әлеуметтік желілердегі жарнамалар. Автокөлік аксессуарларын, смартфондар және басқа жабдықтарды, киім мен аяқ киімді, тапсырыс бойынша жиһазды сатып алушылар интернет-алаяқтарға жиі кездеседі. Сонымен қатар, әлеуметтік желі не интернет-дүкен болсын, алаяқтарға тап болу мүмкіндігі бірдей, деп атап өтті спикер.

"Алаяқтар өз құрбандарын қалай тартады? Ең алдымен - негізсіз төмен бағамен. Тауарларға тапсырыс беру кезінде көбінесе жедел төлем терминалы арқылы белгілі бір виртуалды әмиянға ақша салу арқылы алдын-ала төлем жасауды сұрайды. Әрі қарай, дүкен бірнеше күн бойы сылтаулар айтып, сізге тауарды жедел жеткізуге уәде береді, содан кейін із-түзсіз жоғалады немесе сапасыз тауар жібереді. Алдын-ала төленген өнімді сатып алар кезде, есте ұстау қажет нәрсе ол сенімді интернет-дүкендер сізден виртуалды әмиянға немесе ұялы телефон шотына ақша аударуды сұрамайды. Интернет желісінен дүкен туралы ақпаратты іздеңіз, оның нарықта қанша уақыт болғанын тексеріңіз. Егер сіз ірі дүкендер желісі не өзіңіз білетін компанияның сайты арқылы тапсырыс бермек болсаңыз, браузердің мекенжай жолағында ресурстың мекенжайын дұрыс жазғаныңызға көз жеткізіңіз", - деп кеңес берді Н. Бимурзаев.

Сондай-ақ, тауар сатып алмас бұрын, дүкен әкімшілігінен заңды тұлға туралы деректерді сұратып, алынған ақпаратты салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалардың тізімін пайдаланып тексеру қажет.

"Онлайн сауда жасамас бұрын, басқа сатып алушылардың пікірлерімен таныс болыңыз. Дегенмен, кей қылмыскерлер қосымша есептік жазбаларды қолдана отырып, өздері туралы оң пікірлер қалдыра алатындығын ұмытпаған жөн. Интернет желісін пайдаланып іздеңіз. Іздеу формасына сатушының телефон нөмірін немесе желілік бүркеншік атын енгізу арқылы, бұл деректердің қолма-қол ақшаны ұрлау және сатып алушыларды алдау мақсатында пайдаланылғанын анықтауға да болады", - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, сатып алушылар әрдайым тауардың құнына назар аударуы керек, егер баға нарықтық бағадан едәуір төмен болса, онда бұл күдік тудыруы керек.

"Заңның 24-бабына сәйкес сатушының Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен бақылау-касса машиналарының болуы, сондай-ақ бақылау-касса машиналарының орналасқан жерінде қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастыруға міндетті. Фискалдық чек ұсынылмаған жағдайда тұтынушы мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге құқылы. Айта кету керек, тұтынушы тауарды өз еркімен таңдайды және сатып алуды жүзеге асырады, сондықтан сатушының деректемелері мен байланыс деректерін анықтау жауапкершілігі тұтынушының өзіне жүктеледі. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган электрондық саудаға жосықсыз қатысушыларын іздестіру іс-шараларын жүргізбейді. Алаяқтық және тұтынушыларды алдау фактілері бойынша интернет-алаяқтарын іздестіру іс-шараларын ішкі істер органдары қарайды", - деп еске салды.

Алматы қаласы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері "жедел желі" арқылы және азаматтарды жеке қабылдау кезінде тұтынушыларға сатушыға қатысты әрі қарай әрекет ету, олардың заңды мүдделері мен бұзылған құқықтарын қорғау жолдары туралы кеңес береді.
Мемлекеттік органға өтінішті e-Otinish бірыңғай ақпараттық платформасы, Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жіберуге болады, немесе 8 (727) 392-21-83 жедел желісі бойынша қоңырау шалуға, сондай-ақ тұтынушылар Алматы қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерге көмек пен кеңес алуға құқылы.

Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің тізімі:

- «Адал» тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік, тел. 292 28 67, +7 708 682 73 05, Байтұрсынов к.,. Ғабдуллин қ., 145/26
- «Жұмыс берушілердің құқықтарын қорғаудың ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігі, тел. 239 34 76, +7 708 971 29 76, Спасская к., 63а, 15 п.
- «Фемида» тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық орталық» қоғамдық ұйымы, тел. 397 52 31, +7 702 958 49 96, +7 707 308 74 74, Мақатаев к. 45, 114 кеңсе
- «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі, тел. 277 89 45, Шевченко к., 164 г, 1 кеңсе
- «Ата-баба дәстүрлерінің мұрасы» тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық қоры, +7 707 046 38 82, Пушкин к., 63, ТЦ Мегатау, 3 қабат, 21 кеңсе