Футболдан Қазақстан - Түрікменстан кездесуі жабық түрде өтеді

Футболдан Қазақстан - Түрікменстан кездесуі жабық түрде өтеді
Сурет: Lishop.by

Футболдан Қазақстан құрамасының Біріккен Араб Әмірлігіндегі оқу-жаттығу жиыны аясында Түрікменстанмен кездесуі жабық түрде өтеді.

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Екі жақтың шешімі бойынша 14 наурызға жоспарланған Түрікменстан құрамасына қарсы бақылау матчы жабық түрде болады. Аталған ойынның басты мақсаты – бапкерлік штабтың Грекиямен болатын матчта тактикалық сәттерін сынап көруі», - деп атап өтті федерациядан.

Айта кетсек, Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін оқу-жаттығу жиыны 19 наурызға дейін созылады. 

Ұлттық құрамаға шақырту алған ойыншылардың басым бөлігі жиналды.

Енді Түркия мен Ресей чемпионатында ойнайтын Абат Айымбетов, Бақтиер Зайнутдинов, Нұралы Әліп және Александр Зуев қатарға кейін қосылады.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында С жолымен 21 наурызда жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі. 

Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады