Ертең еліміздің біраз бөлігінде қатты аяз болады

Ертең еліміздің біраз бөлігінде қатты аяз болады
Сурет: Еgemen.kz

Бұл – арктикалық антициклонның әсері.

Синоптиктер республика бойынша 11 қаңтарға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Қазгидромет»-ке сілтеме жасап.  

«Қазгидромет»  РМК ұсынған ақпарат бойынша, ел аумағының басым бөлігінде арктикалық антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз аязды ауа райы сақталады.

«Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, шығысында, солтүстігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен қар жауады, республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, таулы аудандарында кей уақыттарда қатты қар жауып, жел күшейеді, бұрқасын, көктайғақ болады. Республика бойынша тұман болжанды», - делінген «Қазгидромет» РМК таратқан ақпаратта.

Синоптиктердің болжамынша:

түнде Ақтөбе облысының солтүстігінде - 40-41 градус өте қатты аяз;

Маңғыстау облысында  - 25 градус өте қатты аяз;

Ақмола облысында - 40 градус қатты аяз;

Қарағанды облысында - 35-38 градус қатты аяз;

Ақтөбе облысында - 35-36 градус қатты аяз;

Атырау облысында - 30 градус қатты аяз;

Түркістан облысының солтүстігінде - 25-27 градус қатты аяз;

Жетісу облысының солтүстігінде, таулы аудандарында - 25 градус қатты аяз болады.

Астана қаласы – көшпелі бұлтты, кей уақыттарда аздаған қар жауады. Батыстан жел соғады, күші 3-8 м/с болады. Ауаның температурасы түнде 35-37°С, күндіз 26-28°С аяз болады.

Алматы қаласы – бұлтты, кей уақыттарда қар жауады, тұман, көктайғақ. Жел соғады, күші 0-5 м/с. Ауаның температурасы түнде және күндіз 10-12°С аяз, күндіз тағы суыта түседі.

Шымкент қаласы – көшпелі бұлтты, түнде және таңертең кей уақыттарда қар жауады, тұман түседі. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен жел соғады, күші 8-13 м/с. Ауаның температурасы түнде 14-16°С, күндіз 8-10°С аяз болады.