Еркін күрестен Азия чемпионаты: Ризабек Айтмұхан мен Жүсіп Батырмұрзаев күміс жүлдегер болды

Еркін күрестен Азия чемпионаты: Ризабек Айтмұхан мен Жүсіп Батырмұрзаев күміс жүлдегер болды
Сурет: Ашық дереккөз

Еркін күрестен жарыстың алғашқы күнінде қоржынға 2 алтын, 1 қола түскен еді

Қазақстандық Ризабек Айтмұхан (92 кг) пен Жүсіп Батырмұрзаев (125 келі) еркін күрестен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ризабек Айтмұхан финалда жапониялық Араш Йошидаға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.

19 жастағы қазақстандық жартылай финалда бахрейндік Магомед Шариповты жеңсе, ширек финалда қырғызстандық Мирлан Шыныбековті қапы қалдырған еді.

Еске салсақ, алматылық балуан ақпанда Қазақстанның VI жазғы спартакиадасында Әбдіманап Байгенжеевті ұтып, чемпион атанған еді.

Ал Жүсіп Батырмұрзаев финалда моңғолиялық Менхтерин Лхагвагерель кездесті. Белдесу барысында қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Қазақстандық балуан алғашқы жекпе-жегінде үндістандық балуанды жеңсе, жартылай финалда өзбекстандық Сардорбек Холматовтың жауырынын жерге тигізді.

Жүсіп былтыр Алматыда рейтингтік Болат Тұрлыханов турнирінде өзбекстандық балуанды таза ұтқан еді.

Қазірге дейін ел құрамасынан бүгін Дархан Есенғали (74 келі) чемпиондық тұғырға көтерілді.

Ал Азамат Дәулетбек ел қоржынына төртінші алтынды салды.

Еске салсақ, еркін күрестен жарыстың алғашқы күнінде қоржынға 2 алтын, 1 қола түсті.