Еліміздің велошабандоздары Азия чемпионатын 14 жүлдемен аяқтады

Еліміздің велошабандоздары Азия чемпионатын 14 жүлдемен аяқтады
Сурет: 24.kz

Қоржында - 14 медаль.

Малайзияның Нилай қаласында велотректен ересектер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

24.kz таратқан ақпаратқа сай, жерлестеріміз бас-аяғы 14 рет жеңіс тұғырына көтерілген. Бір өкініштісі, алтын жүлде жоқ.

Ұлттық құраманың үздігі Артем Захаров омниум бәсекесінде ІІ орын алды. Ал Рамис Дінмұхаметов дәл осындай жетістікке топтық сында қол жеткізді. Бұған қоса қазақстандық Руслан Елубаев скретч жарысында үздік үштікті түйіндеді. Дәл осы жігіттер командалық сында да ел рекордын жаңартып, жалпы есепте ІІІ орынға жайғасты. Айта кету керек, жүлденің басым бөлігін ұлттық құрамадағы жасөспірімдер жеңіп алды.

Атап айтқанда, Вячеслав Сичкарев, Вадим Белугин, Аслан Сыйлықбек, Жалғас Әбубакар, ал қыздар арасында Таисия Титова, Дария Қазақбай, Аружан Рахымжан және Елизавета Скляровалар тәуір нәтиже тіркеді. Қазақстандық спортшылар жекелей сында да, командалық сында да жүлдеге қол созды. Сәйкесінше ұлттық құрамадағы қыз-жігіттерге лайықты ізбасарлар өсіп келеді деген сөз.