Еліміздің 13 өңірінде өндіріс көлемі артты

Еліміздің 13 өңірінде өндіріс көлемі артты
Сурет:Sputnik.kz

Былтыр 48 007 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді.

Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі саласына 24 644 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібіне 20 697 млрд теңге тиесілі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда өнеркәсіп өндірісінің индексі 99%-ды құрады. Оған шикі мұнай (98,1%), табиғи газ (99%) бен темір кені (79,4%)  салаларында өндіру көрсеткішінің азаюы себеп.

«Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 3,4%-ға артты. Сусындар (111,2%), темекі өнімдері (107,9%), мұнай өңдеу өнімдері (101,8%), химия өнеркәсібінің өнімдері (110,2%), резеңке және пластмасса бұйымдары (102,1%), негізгі асыл және түсті металдар (105,5%), автокөлік құралдарының (119,1%) өндірісі ұлғайды», - делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан ақпаратта.

Республиканың 13 өңірінде өндіріс көлемінің артуы тіркелді. Айтарлықтай өсім Ақмола, Жамбыл, Абай облыстарында және Алматы қаласында байқалды. Ал, Түркістан, Қостанай, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында өндіріс көлемі төмендеді.