Елімізде жеке медициналық кітапшаның электронды түрі енгізіледі

Елімізде жеке медициналық кітапшаның электронды түрі енгізіледі
Сурет: Ашық дереккөз

Жеке медициналық кітапша жұмысқа жіберілгені туралы белгімен беріледі

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына өзгеріс енгізбек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Құжатта көрсетілгендей, енді медициналық кітапша екі нұсқада болады:

- жеке медициналық кітапша - жұмысқа жіберу туралы белгісі бар міндетті медициналық қарап-тексерулердің нәтижелері енгізілетін дербес құжат;

- жеке электрондық медициналық кітапша - түпнұсқа құжаттың түрі мен ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толық жаңғыртатын құжат.

«Жеке медициналық кітапша жұмысқа жіберілгені туралы белгімен беріледі. Ал электрондық медициналық кітапша жұмысқа жіберу туралы белгісі бар электрондық-цифрлық нысанда беріледі және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылады. Оны тек медициналық қызметке лицензиясы бар ұйым береді», - делінген бұйырық жобасында.

Электрондық медициналық кітапшада мына мәліметтер қамтылады:

1. Жеке медициналық кітапша иесінің фотосуреті (электрондық форматта).

2. Жеке куәлік немесе паспорт бойынша жеке медициналық кітапшаның иесі туралы мәліметтер, оның қолы, жеке медициналық кітапшаның сериясы мен нөмірі.

3. Жеке медициналық кітапша иесінің кәсібі мен лауазымы, жұмыс орны, туған күні, тұрғылықты жері.

Енгізілуі мүмкін электрондық медициналық кітапшада азаматтың дерті, екпелері, дәрігер тағайындаған ем түрлері сияқты барлық ақпарат көрсетілетін болады.