Елімізде жатақхана орындарын бөлудің жаңа тәртібі бекітілді

Елімізде жатақхана орындарын бөлудің жаңа тәртібі бекітілді
Сурет: Ашық дереккөзі

Жатақхананы бөлуде белгілі бір санат мүшелеріне басымдық беріледі.

Ғылым және жоғары білім министрі 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрықпен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларында орындарды бөлудің жаңа ережелерін бекітті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтем жасап.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру (мемлекеттік қызмет) өтініш негізінде жеке тұлғаларға тегін көрсетіледі.

Жатақханаларда бос орындардың болуы туралы ақпарат ай сайын ЖОО-ның ресми сайтында жарияланады.

Жатақханадағы орындарды конкурстық негізде арнайы құрылған комиссия осы тәртіппен бөледі:

мүгедектігі бар адамдарға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек адамдарға;
кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы адамдарға, жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарындағы адамдарға, сондай-ақ қандастарға;
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін-2050») жобасы аясында оқитындарға;
бірінші курсқа қабылданған, «Алтын белгі» белгісі бар білім алушыларға, президенттік, халықаралық және республикалық олимпиаданың және конкурстың жеңімпазы немесе жүлдегері сертификаты бар білім алушыларға, сондай-ақ білімі туралы растайтын құжатпен (куәлік, аттестат, диплом) ұйымды үздік бітірген талапкерлерге;
мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес бірінші курсқа қабылданған, ҰБТ немесе кешенді тестілеу, пәндер бойынша түсу емтихандары немесе білім беру ұйымы өткізген тестілеу нысаны бойынша жоғары балл алған білім алушыларға.
оқу, ғылыми және қоғамдық жұмыстарда жоғары нәтижелері бар жоғары курс оқушылары қатарындағы білім алушыларға;
ЖЖОКБҰ-ның өзге де білім алушылары.
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесідей жүзеге асырылады:

ЖЖОКБҰ;
www.egov.kz «электрондық үкіметтің» веб-порталы;
Бұйрық 2023 жылғы 20 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.