Елімізде бизнес-идеяға 9 093 грант берілді

Елімізде бизнес-идеяға 9 093 грант берілді
almaty-akshamy.kz

2023 жылдың басынан 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба  шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 093 грант берілді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

2023 жылғы 11 қыркүйектен бастап 22 қыркүйекке дейін гранттардың үшінші легі бойынша өтінімдер қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтады, келісімшарттарға қол қою және грант алушыларға қаражат аудару процесі жалғасуда.

Гранттардың үшінші легі аясындла үміткерлерден барлығы 15,5 мың, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 9 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 3 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 1,9 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 771 өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған 586 адам, 57 қандас және 196 қоныс аударушы өтініш берді.

Өтінімдердің ең көбі Түркістан (3,7 мың), Жамбыл (2,1 мың),  Қызылорда (1,8 мың) облыстарының және Шымкент қаласының (1,8 мың), ең азы Ұлытау (120) және Қостанай (104) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті.

Гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.