Елімізде 5,5 мың шақырым тасжол ақылы болады

Елімізде 5,5 мың шақырым тасжол ақылы болады
сурет:mail.kz

Бірқатар тасжолды ақылы ету жобасы жүзеге асып жатыр.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте автожол желісі мен көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары қаралды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту мақсатында қозғалысы қарқынды: бірқатар тасжолды ақылы ету жобасы жүзеге асып жатыр.

Бірінші кезеңде ұзындығы 5,5 мың шақырым жолдарда бейнебақылау камераларымен, лидарлармен, байланыс антенналарымен және басқа да құралдармен жабдықталған 100-ге жуық бақылау аркасы орнатылды. Атап айтқанда, ұзындығы 1,5 мың шақырым I санаттағы учаскелер 2021 жылғы қарашадан бастап ақылы болған.

Бұл жол төсеміне күтім жасауға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және ілеспе инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша I кезең учаскелерінде жүк көліктерінің жүріп өткені үшін ақы алу жүйесін іске қосу бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бұл бірінші кезекте Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік көлікке қатысты болады.

Премьер-Министр жол желісін жаңғырту кезінде бейнебақылауды күшейтуге, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға баса назар аудару қажет екенін айтты.