Елге еселі еңбек еткен 60 жас

Елге еселі еңбек еткен 60 жас
Сурет: almaty-akshamy.kz

Дүкен Мәсімханұлының мерейтойы аталып өтті

Бүгін, 12 қазан күні Алматыда қытайтанушы-ғалым, белгілі ақын әрі аудармашы, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлының 60 жасқа толуына орай халықаралық ғылыми-конференция өтті. Ғалымның шығыстану, қытайтану, көркем аударма және әдебиет саласындағы еңбектерін қамтыған бес кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.

Ұлттық кітапхананың жиын залында басталған шараға елімізден және алыс-жуық шетелден шығыстанушы, тарихшы-ғалымдар, сөз зергерлері ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, дипломаттар қатысты.

Д.Мәсімханұлының 60 жас туған күніне арналған атаулы шарада қара шаңырақ Қазазақ Ұлттық университетінен тартып еліміздегі қабырғалы білім ордаларының, түрлі иниституттардың арнайы өкілдері құттықтауларын жеткізіп, сый-сияпаттары табыстады. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы арнайы құрмет медалін, Еуразия Ұлттық университеті «Күлтегін» медальдарын тақты.


Ауқымды шарада Алматы қаласы әкімдігінен тартып, әр дәрежелі ресми орындарының құттықтаулары оқылды. Сонымен бірге, Иран Ислам Републикасының, Қырғыз Республикасының және Венгрияның Қазақстандағы елшіліктері, дипломаттары ғалымды мерейтойымен құттықтады.

Шараның алғашқы отырысында Д.Мәсімханұлының «Шығыс әлемі: Аңыз бен шындық» ғылыми зерттеулер жинағы; «Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» деп аталатын (5 томдық) көркем аудармалар жинағы; «Жүрегімнің жұмбағы» атты жыр жинағы, сондай-ақ, «Ұлт пен рух» ғылыми зерттеулер, әдеби портреттер жинағы қатарлы авторлық төрт еңбегімен қоса, «Ғалым. Ұстаз. Ақын. Аудармашы. Азамат» атты Д. Мәсімханұлы туралы мақалалардың жинағының да тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Қытайтанушы-ғалым, әрі ұлағатты ұстаздың атаулы мерейтойына орай өткен шара түсен кейін «Қазақстан және Шығыс елдері: тарихи-мәдени һәм саяси ынтымақтастықтың жаңа қырлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Онда қазіргі кезеңдегі отандық шығыстану ғылымының даму бағыттары талқыланды. Оған қоса Дүкен Мәсімханұлының өмірі мен ғылыми шығармашылығы, оның отандық шығыстану ғылымына қосқан үлесіне қатысты әңгіме өрбітілді.