Алматыда Qazaqstan телеарнасы ғимаратының орнына жаңа медиаорталық салынады

Алматыда Qazaqstan телеарнасы ғимаратының орнына жаңа медиаорталық салынады
Сурет: Ашық дереккөз

Орталық құрылысы келер жылдың соңында аяқталады

Алматыда Qazaqstan телеарнасы ғимаратының орнына жаңа медиаорталық салынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Qazaqstan телеарнасының бұзылған ғимаратының орнында заманауи медиаорталықтың құрылысы басталды.

«Орталық құрылысы келер жылдың соңында аяқталады. Сонымен қатар қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Аяқталу мерзімі – 2023 жылдың 2-тоқсаны», - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адам көп жиналатын орындарға жыл соңына дейін 3050 бейнекамера орнатылатынын, биыл осы мақсатта қосымша 16,8 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

Айта кетейік, 5 қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Алматыдағы Qazaqstan телеарнасының кеңсесіне шабуыл жасалып, қасақана өрт қойылған болатын. Соның салдарынан Qazaqstan телеарнасының жылдар бойына жинаған мұрағаттық жазбаларының баға жетпес, түпнұсқадағы аудио-бейне қорының біраз бөлігі жойылып кетті.