Елена Рыбакина жұптық сында Аделаида турнирінің финалына шықты

Елена Рыбакина жұптық сында Аделаида турнирінің финалына шықты
Сурет: Ашық дереккөзі

Сондай-ақ Юлия Путинцева Аустралиядағы жарыстың ширек финалына шықты.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Е.Рыбакина ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге жартылай финалда жарыстың үшінші ракеткалары, украиналық Людмила Киченок – латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасты.

Қазақстандық-ресейлік жұп бірінші партияда бірден брейк жасап, басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4.

Олар екінші сетте есеп 4:5 болған мезетте қарсыластарының екі сетболынің бірін пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Ақыры таразы басын өздеріне аударды – 7:5.

Сағат жарымға созылған матчта қазақстандық-ресейлік дуэт 4 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Қарсыластары бір брейктен аса алған жоқ.

Осылайша, Е.Рыбакина А.Павлюченковамен бірге спорттық жолында екінші рет WTA финалына жолдама алды.

Олар соңғы бәсекеде чехиялықтар Мириам Колодзьежова – Маркета Вондроушова немесе бразилиялық Луиза Стефани – америкалық Тэйлор Таунсенд жұптарының қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Аделаида турнирінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева Аустралиядағы жарыстың ширек финалына шықты.