Елена Рыбакина Live рейтингте үшінші орынға көтерілді

Елена Рыбакина Live рейтингте үшінші орынға көтерілді
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанның үздік теннисшісі WTA Live рейтингісінде үшінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Нью-Йоркта өтіп жатқан АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымында әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула дүниежүзілік рейтингте 17-орында тұрған отандасы Мэдисон Киздан 1:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.

Өткен жылы осы «Үлкен дулыға» турнирінің ширек финалына дейін жеткен Д.Пегула ұпайларын жоғалтты.

Қазіргі кезде Live рейтингте 5790 ұпаймен Е.Рыбакина үшінші орынға шықса, Д.Пегула (5755) төртінші сатыға сырғыды.

АҚШ ашық чемпионатының қорытындысымен қазірдің өзінде белоруссиялық Арина Соболенко рейтингте спорттық жолында алғаш рет көш бастайды. Өйткені өткен жылғы жеңімпаз, Польша өкілі Ига Швентек төртінші айналымда латвиялық Елена Остапенкоға жол берді – 6:3, 3:6, 1:6. Енді И.Швентек екінші орынға сырғиды.

Егер АҚШ біріншілігінде тағы бір америкалық, әлемнің 6-ракеткасы Коко Гауфф чемпион атанатын болса, онда ол Е.Рыбакинаны ығыстырып, үздік үштікке енеді. Сондықтан осы турнир қорытындысын күтуге тура келеді.