Ел қорғаны Ұлттық ұланның құрылғанына - 31 жыл

Ел қорғаны Ұлттық ұланның құрылғанына - 31 жыл
Сурет: Stan.kz

Ұлттық ұланның міндеті - қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігі, қарулы қақтығыстарды болдырмау.

Осындай маңызды жұмыстарды атқаратын үш бірдей әскери бөлім Қарағанды облысында орналасқан. Соның бірі - Қазақстандағы ең ірі 6505 әскери бөлімі. Ондағы сарбаздар айдауыл қызметімен қатар түзету мекемелерін күзетеді. Осы уақыт аралығында әскери бөлімнен ерлігімен көзге түскен талай сарбаз шыққан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

 6505 әскери бөліміндегі әр сарбаздың саулығы, оларға қатысты заңды талаптардың сақталуына тікелей Ақылбек Қоңыров жауапты. Құрылғанына 66 жыл болған ең ірі бөлімнің 3 облыста әскери құрамы бар. Бас-аяғы бір мыңға жуық сарбаз азаматтық борышын өтеп жүр. Маман олардың барлығына қамалғандарды күзету, оларды сотқа апару кезіндегі айдауыл жұмысының қыр-сырын үйретеді. Ақылбек үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Құрылғанына 56 жыл болған 5451 әскери бөлімі де Қарағандыда орналасқан. Мұнда 800-ден астам сарбаз бар. Олардың міндеті - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мысалы, тек өткен жылы әскери бөлім сарбаздары 60-қа жуық қылмыскер мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарды ұстаған. Оның 17-сі - қылмыстық жауапкершіліктен жалтармақ болғандар. 

«Сарбаздар көбінесе өздерінің  батылдықтарын, қызмет атқару кезінде қырағылықтарын көрсетеді. Бір жағдайды айтып кететін болсам, есірткіні тасымалдау кезінде, закладчик дейді ғой, соны жұмыс кезінде ұстап алды. Ол ағаштардың арасына тығып, фотоға түсіріп жатқан сол жерді, сол кезде жасақ ұстап алды», - дейді Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Арман Сыздықов.

Атап өткен жөн, қос әскери бөлімнің сарбаздары да осыдан бір жыл бұрын қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосқан. 31 жыл бойы ұлттық ұлан сарбаздары  бас бостандығынан айырылғандарды күзетіп, қоғамдағы тәртіпті қадағалап келеді. Бейбіт күнде ерлігімен көзге түскен әскерилердің ерлігі сарбаздарға ерлік сабақтарында үлгі ретінде оқытылады.