Ел бойынша 18 мыңға жуық нашақор бар

Ел бойынша 18 мыңға жуық нашақор бар
Сурет: Tengrinews.kz

Еріктілерге жыл басынан бері 1600 адам хабарласып, қол ұшын созуды сұраған.

Ресми ақпараттар бойынша, елімізде 18 мыңға жуық нашақор тіркелген. Олардың басым бөлігі – жастар мен кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды Alamaty-akshamy,z Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 

Айбек Манаповтың нашақорлық дертінен айыққанына екі жылға жуықтапты. Дегенмен, әлі күнге ем-домын қабылдап, дәрігерлер мен психологтардың бақылауында жүр. Өйткені жеке трагедиясының қайталануынан қорқады. Бұған дейін ол 13 жыл тоқтаусыз есірткі қабылдаған.

«Мен 15 жасымнан есірткі қабылдай бастадым. Ал 25 жасымда синтетикалық есірткіге көштім. Психотроптық заттардың бір жаманы адамды лезде тәуелді етіп қояды. Салдарынан отбасымнан, достарым мен жиған-тергенмнен түгел айырылдым. Осыдан екі жыл бұрын «Наркостоп» орталығы жайлы естіп, көмек сұрадым. Содан бері дертімнен айығып келемін», - дейді қала тұрғыны Айбек Манапов. 

Ресми ақпарат бойынша Алматыда есірткіге тәуелді, кәмелетке толмағандардың саны небары - 12. Бұл ресми тіркелгендері ғана дейді мамандар. Психотроптық заттардың құрбанына айналғандардың басым көпшілігі жеке клиникаларға жүгінеді немесе арнайы колл орталықтарға хабарласады екен.

«Биыл 1600 қоңырау келіп түсті Call-орталыққа. Олар тек колл орталыққа емес, ватсап, инстаграм желілеріне жазады. Көбісі ол ата-аналар. Өйткені есірткіге тәуелділердің өздері өте сирек хабарласады. Ломкамен хабарласатындар бар. Біздің мамандар бір сағат, екі сағат сөйлесіп офлайын кездесуге тартады», - дейді ерікті, әлеуметтік жоа жетекшісі Нұржан Жақыпов. 

Орталыққа хабарласқандар тегін емделу үшін оңалту орталықтарына жіберіледі. Десе де, емделіп шыққандардың барлығы бірдей қалыпты өмірге оралмайды екен. Өйткені бүгінгі таңда есірткіге қол жеткізу тым оңай. Тіпті, құрамында есірткісі бар препараттар дәріханаларда ашық түрде сатыла береді.

«Жыл басынан осындай 10 дәріхана анықталды. Әкімшілік кодекстің 426 бабының талаптарын бұзғаны үшін сол дәріханалардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді. Яғни, дәрігердің рұқсатынсыз құрамында наркотикалық дәрілерді жібергені үшін», - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзәрбек.

Үш жыл бұрын жұмысын бастаған «Наркостоп» жобасында 1000-ға жуық ерікті бар. Олардың көмегімен екі жылдың ішінде есірткіге тәуелді 27 адам оңалту орталығына жіберіліп, соның 15-і дертінен толығымен айығып шыққан.