Екпесі жоқ балалар бұдан былай балабақшаға қабылданбайды

Екпесі жоқ балалар бұдан былай балабақшаға қабылданбайды
Сурет: Orda.kz

Мұндай тыйымның енгізілуіне елде қызылша дертінің дендеп тұрғаны себеп. 

Бұл туралы Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бас санитардың сөзінше, мұндай тыйымды енгізу мәселесінің көтерілуіне елімізде қызылша дертінің асқынуы себеп.

Наурызда Қазақстанда қызылшаның 70-тен астам жағдайы зертханамен расталды. Әсіресе, Алматыда ахуал күрделі. Мұнда жыл басынан бері қызылшамен 46 науқас ауырды. Науқас балалардың жартысының ата-аналары екпеден бас тартқан.

Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, балабақша тобындағы балалардың 90%-ы вакцинациялануы керек. Егер екпе алмағандардың саны 10%-дан көп болса, онда олардың келуіне тыйым салу мәселесі қарастырылады.

"Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарының бірінде норма бар. Балабақшаларда вакцинацияланбаған балалардың саны 10 %-дан аспауы керек. Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне осыны анықтауға мониторинг жүргізуді тапсырдық. Егер норма сақталмаса, вакцинацияланбаған балаларды балабақшаларға жіберуді тоқтатамыз. Мұны өзіміз ауырмас үшін және басқаларға жұқтырмас үшін жасаймыз. Басқа жол жоқ. Бұл – заң нормасы, ортақ жауапкершілік. Науқастардың саны өсе береді, біз балаларды қорғауымыз керек", – дейді Айжан Есмағамбетова.