Диордың музасы болған қазақ Алла Ильчун туралы фильм көрсетілді

Диордың музасы болған қазақ Алла Ильчун туралы фильм көрсетілді
Сурет: Ашық дереккөз

«Алла – Шығыстан шыққан Dior-дың маржаны» 

Азиялық келбетімен әлемді мойындатқан Алла Ильчун туралы фильм Алматыда таныстырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Алла Ильчун туралы деректі фильм – жазушы, дипломат Берлин Иришев еңбегінің жемісі. Ол өткен ғасырдың ортасындағы сән әлемінің жұлдызын зерттеп, қаны қазақ екенін дәлелдеді. Кристиан Диордың музасы туралы 4 кітап жазды. Тарихи деректер мен 7 мемлекеттің мұрағатындағы таспаланған бейнелерді жинақтап деректі фильм түсірді. 

«Дүниежүзілік маркамен байланысты болған тарихты өзгерту өте қиын. Ол үшін өте көп еңбек жасау керек. Сондықтан біз фильмді ұстап тұрдық. Францияның көзқарасын біліп, Диордың өзі бізді қолдап, Сосын мына Қытайдан шыққан кітап бойынша біздің фильмнің бәрі расталды», - дейді фильм продюсері әрі режиссері Берлин Иришев. 

Берлин Иришевтің айтуынша, Алланың жалғыз ұрпағы Марк Парижде тұрады, бұрын әскери болған, қазір фотограф болып жұмыс істейді. Фильмде сондай-ақ Алламен араласқан, бірге қызмет еткен достары, әріптестері, француз және ресейлік танымал өнертанушылар бой көрсетеді. 

«Өткен ғасырдың ортасына дейін тек қана Еуропалық модельдер ғана сән көрсететін. Қазақтан шыққан Алла Ильчунның арқасында жоғары сән әлемінде азиялықтар пайда болды. Оның қазақ қызы болғаны біз үшін мәртебе. Ал Берлин Иришевтің еңбегінің арқасында еліміздің аты әлемге жаңа қырынан танылды», - дейді фильмнің демеушісі Жанна Кан. 

Автордың айтуынша, фильм үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде әртүрлі мемлекеттерден жинаған құжаттар қамтылды. Екінші бөлімде сән үйлері ұсынған кадрлар, фотолар мен Алла киген киімдер ұсынылған. Үшінші бөлім бұрын Алла туралы беймәлім болған ақпараттарды қамтиды.