Димаш Құдайберген шекарашы курсанттармен кездесті

Димаш Құдайберген шекарашы курсанттармен кездесті
Сурет: ҰҚК Шекара академиясы

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих ...»

Жақында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына аты әлемге әйгілі отандасымыз Димаш Құдайберген келді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Танымал әншіні Шекара академиясының ұжымы ол келгенше тағатсыздана күтті. Димаш келеді дегенді естіген курсанттар оны көруге қатты асығып, қолдарына бір-бір құшақ гүлдерін алып тапжылжымай академия алдында тұрды. Алтын дауысты әншіні академия бастығының бірінші орынбасары полковник А.Исмаилов және басшылық құрам қарсы алды.

 Бір қызығы Димаш Қанатұлы осы уақытқа дейін бірде-бір мекемеге дәл осылай кездесуге бармаған екен. Бұл әншінің ең бірінші кездесуі деп айтсақ артық болмас. Әрине, бұл шекарашылар үшін үлкен қуаныш, әрі мақтаныш!

 Байқағанымыздай есімі әлемге әйгілі Димаш Құдайберген ұлық болсаң кішік бол демекші, қанша жерден танымал болса да тәкаппарлыққа бой алдырмай өзінің табиғи қарапайымдылығын жоғалтпаған. Сөйлеген сөзінен, сөйлеу мәдениетінен, жүрген жүрісі, киген киімінен қарапайымдылықтың исі аңқып тұр. Бұл дегеніміз – ата-анасының берген тәлімді тәрбиесінің арқасы екені анық.

Әншімен сұқбат барысында полковник Д.Белгожаев пен майор А.Достаев оған екі тілде сұрақ қойып, кездесуді жүргізіп отырды. Орыс тілінде қойылған сауалдарға тек мемлекеттік тілде жауап берген Димаш тағы бір қырынан көрініп тіл жанашыры екенін байқатып, кездесу соңына дейін ана тілінде сөйледі.

 Сахна төріндегі жайлы орындыққа жайғасқан әншіге зал толы көрермендер өздерінің көкейдегі сауалдарын қойды. Шекарашылардың қара қазанына айналған қара шаңырақтағы қызықты кездесуде курсанттардың бірі оған жасыл күнқағарлы шекарашылардың фуражкасын сыйға тартса, енді бірі Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабын тарту етті. Ал, енді санаулы айлардан соң қос жұлдызды иығына қадап лейтенант атанатын бітіріуші түлектердің бірі курсант Н.Алдажұман Димаш ағасын өздерінің маусым айында бітіруші лейтенанттар кешінің құрметті қонағы болуға өтініш жасады. Әрі қарай, Шекара академиясының әнұранын нақышына келтіре шырқады.

Өз кезегінде «Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері де әншіге бір құшақ гүл мен «Қазақстан» шоколадын сыйға берді. Кездесу барысындағы қызықты әңгімені мұқият тыңдаған курсанттар мен әскери қызметшілер мұндай қайталанып келмес тарихи сәтті қалт жібермей, кезек-кезек естелікке суретке түсіп, мәре-сәре болды.

ҰҚК Шекара академиясының тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасы бастығының орынбасары полковник Даурен Белгожаев басқарма ұжымымен, кездесуді ұйымдастырып, әріптестеріне есте қаларлықтай ұмытылмас тарихи сәттке бастамашылдық танытты.