Дәрігерлер жүрегіне пышақ тиген жігіттің өмірін сақтап қалды

Дәрігерлер жүрегіне пышақ тиген жігіттің өмірін сақтап қалды
Сурет: Gov.kz

Пышақ жүректің сол жақ қарыншасына және сол жақ өкпенің тамырына тиген.

Науқас жарақаттанғаннан кейін 5-7 минут ішінде қанның жартысынан көбінен айырылған, ауруханаға ес-түссіз, нөлдік қысыммен түскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Жамбыл облысы Сарысу аудандық орталық ауруханасының хирургтары кеуде қуысының пышақ жарақатымен түскен 23 жастағы жігіттің өмірін сақтап қалған.

"Пациент түнгі үштер шамасында жеткізілді, дереу операцияға алынды. Менің хирургиядағы 36 жылдық жұмысымда мұндай жағдайлар болған", - дейді аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Әжібеков.

Операция 1 сағат 20 минутқа созылған. Дәрігерлер науқастың кеуде қуысын ашып, жараның орнын тіккен. Мұндай жарақаттың күрделілігі – операция және жараны тігу жүректің соғуын тоқтатпай жұмыс істейтін жүрекке жасалады.

Отадан кейін қан кету тоқтап, гемодинамика қалпына келді.

"Хирургтар Қайрат Әжібеков, Ержан Досалиев және анестезиолог-реаниматолог дәрігер Дәурен Әбдіров жасаған операция сәтті өтті. Пациенттің өміріне төнген қауіп жойылды. Оның жағдайы тұрақталды", - деп мәлімдеді министрліктегілер.