Бұрынғы Мәдениет және спорт министрін қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрін қамауда ұстау мерзімі ұзартылды
Сурет: Kursiv.media

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың наурыз айынан бері қамауда.

Бұрынғы Мәдениет және спорт министріне бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«2023 жылдың 17 қаңтарында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Мұхамедиұлы Арыстанбекке қатысты қамауға алу түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты», - деп хабарлады елордалық соттың баспасөз қызметінен. 

Еске сала кетейік, 2022 жылдың тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет министрлігінің бұрынғы басшысы, Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына және басқа да тұлғаларға аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және құқық бұзушылық фактілері бойынша тергеу басталғанын хабарлаған еді.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары арқылы өтуі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандарын ұлттық фотограмметриялық 3D сканерлеу және мұражай» және «Қазақстан Республикасының ұлттық цифрлық фильмдер жинағын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша жүргізілді.

Ресми деректерге қарағанда, тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала мөлшері жеті миллиард теңгеге жуықтаған.