Бомба бар деп айтып бәлеге қалды

Бомба бар деп айтып бәлеге қалды
Сурет: Elorda.info

Астана халықаралық әуежайынан Астана-Алматы бағыты бойынша ұшып бара жатқан жолаушы тіркеу кезінде өзімен бірге бомба бар екенін айтқан.

Әуежайда дабыл қағылып, қызметкерлер нысанды шұғыл тексеруге мәжбүр болды. Алайда Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіндегілер ешқандай жарылғыш заттың нысан аумағында жоқ екенін анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info сайтына сілтеме жасап. 

Жарылғыш зат туралы жалған хабар берген жолаушы рейстен шеттетіліп, желілік полиция бөлімі қызметкерлеріне тапсырылды. Қазір жолаушыға қатысты ҚР ҚК 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Әуежай – стратегиялық маңызды нысан. Мұнда келген әр жолаушы ұшаққа отырмас бұрын жіті тексеріледі. Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген жолаушы өзінің түсініктемесінде «бір қызды ұнатып, соған әзілдемек ниетте» айтқанын жеткізді. Алайда авиациалық қауіпсіздік әзілдеуге келмейтін тақырып. Сондықтан жолаушылардан әуежайдың тексеру қызметіне жауапкершілікпен қарап, жарылғыш зат туралы жалған ақпарат таратпауын сұраймыз», - деді «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» АҚ PR қызметінің басшысы Тойгүл Жубанисова.

Жыл басынан бері Астана халықаралық әуежайында  жарылғыш зат туралы жалған ақпарат беру бойынша 30 іс тіркелген.