Бокстан әлем чемпионаты: 4 спортшымыз финалға шықты

Бокстан әлем чемпионаты: 4 спортшымыз финалға шықты
Cурет: Olympic.kz

Теміржанов пен Бибосынов жартылай финалды сәтті аяқтады

Бокстан Белградта өтіп жатқан әлем чемпионаты шарықтау шегіне жақын. Бүгін жартылай финалға шыққан бес қазақстандық боксшының төртеуі финалға жолдама алды деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Кешкі сессияда Сәкен Бибосынов (51 келі) пен Серік Теміржанов (57 келі) шаршы алаңға шыққан болатын. Екі боксшы да Токио Олимпиадасында бақ сынап, біреуі қоламен оралса, екіншісі жарысты екінші кезеңде аяқтаған еді.

Белград шаршы алаңы екі боксшы үшін де сәтті болып тұр. Себебі, екеуі де өз мансаптарында алғаш рет әлем чемпионатының финалына шығып отыр. 

Сәкен Бибосынов таиландтық Танаарат Саенгфетті 4:1 есебімен ұтып, спорттық жолындағы «қола дәуірін» аяқтады. Бүгінге дейін әлем чемпионаты мен Олимпиаданың қоласын қанағат тұтқан Бибосынов ертең әлем чемпионатының алтыны үшін айқасады. Финалда Сәкен америкалық Рокси Холлға қарсы шықпақ. 

57 келідегі Серік Теміржанов та жанкүйер үмітін ақтады. Жартылай финалда Кубаның беткеұстар боксшысы Освель Гарсия Кабальероны нокдаунға жіберген жерлесіміз әлемдік доданың алтынына таласады. Бұл әлем чемпионатында Қазақстан мен Куба боксшылары алғаш рет кездесіп отыр. Қуанышқа қарай, бұл жекпе-жек біздің боксшының жеңісімен аяқталды. 

Серіктің финалдағы қарсыласы – америкалық Джамаль Харви.

Осылайша, Қазақстан командасы сапынан төрт боксшы әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Токиодағы тоқыраудан кейін бұл керемет көрсеткіш екені сөзсіз. 

Күндізгі сессияда жеңіске жеткен Теміртас Жүсіпов 33 жасында, Махмұд Сабырхан 20 жасында әлем чемпионатының финалына жолдама алып отыр.