Грузияда коронавирус күшейе түсті

Грузияда коронавирус күшейе түсті
Сурет: Aa.com.tr

Грузия халқы санитарлық талаптар мен вакцина алуда салғырттық танытып жүр

Қазан айында ғана елдегі мектептер мен балабақшалар ашылып, тіпті саяси шаралар қыза түскен болатын. Халық санитарлық талаптарды ұмытып, шет елге барыс-келіс көбейген. Грузия халқы вакцина қабылауда да салғырттық танытып отыр. Күн сайын коронавирусты жұқтырған 6 мыңнан аса адам анықталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ауыр хәлдегі науқастар мен өлім-жітім көрсеткіші өсті. Күніне бұл дерттен 40-тан астам адам көз жұмады. Вакциналау қарқыны да бәсеңдеді. Егер тамыз айында 63 мың адам екпе салдырса, қазан айында тек 5 мың адам вакцина алған. Қазір Грузияда халықтың тек 33%-і вакциналанды. Ал жуырда жарамдылық мерзімі біткендіктен, AstraZeneka вакцинасының 17 мың данасы қолданылмай қалды. Жергілікті жұрт бұл препаратқа сенімсіздікпен қарайды. Өйткені көктемде оны еккен медбике қайтыс болған еді. Ал арқаны кеңге салған жұрт сақтық шараларын ұмытқан тәрізді.

«Эпидахуал қиын. Өкініштісі науқастар саны өсіп келеді. Бұл таңқаларлық жайт емес, өйткені азаматтарымыздың жүріс-тұрысы көп. Сондай-ақ маска тақпайды, санитарлық шараларды сақтамайды. Қалың жұрт қатысқан көптеген шара өтті. Мұның бәрі жағдайдың нашарлауына әкелді. Желтоқсан айы күрделі болады. Оған өзге де вирусты аурулар қосылады», - деді Аурулар мен қоғамдық денсаулықты бақылау орталығының директоры Амиран Гамкрелидзе

Үкімет әзірге жаңа шектеулер енгізуді көздеп отырған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарын қазіргі ережелер мен нұсқаулықтарды сақтауға шақырды. Сондай-ақ халықтың вакциналауға белсенділігі артады деген үмітте.