Биылдан бастап сарбаздарға кредиттік каникул беріле бастады

Биылдан бастап сарбаздарға кредиттік каникул беріле бастады
Сурет: Inform.kz

Барлығы 4 мыңға жуық адамның 5 мың несиесі уақытша тоқтатылды.

Бұл жастардың еш алаңдамай, Отан алдындағы борышын өтеуге мүмкіндік береді. Сарапшылар да бұл бастаманы қолдап  отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

«Мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарымыз өзі немесе өзі сенімхат жазып берген туысқандар арқылы несиені төлем мерзімін кейінге қалдыра алады. Биылғы жылда үстіміздегі көктемгі мерзімді әскери қызметке  шақыру барысында кредиттік берешегі бар азаматтар нақтыланып, жергілікті агенттіктің филиалдарына ұсынылады», - дейді  ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар департаментінің басшысы, аға офицер Руслан Тапашев.

Осыған дейін қарызды көптеген коллекторлық компаниялар сарбаздың туыстарына жүктейтін. Оның үстіне 1 жыл төленбеген берешектің өсімпұлы өсіп, сарбаздың несие тарихы да нашарлайтын еді. Енді мұндай мәселелер болмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл барлығы 13 мыңдай сарбаздың тізімі келгенін мәлімдеді. Тексерістен кейін 7 мың сарбаздың өтелмеген несиесі бары анықталған. Қазір кредиттік каникул беру үшін әлі де тиісті анықтамалар жиналып жатыр.

«Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің тізімін агенттікке жібереді. Агенттік осы тізім бойынша, қай әскери қызметшіде кредит бар екенін анықтап, осы тізімді кредиторға жібереді. Әскери қызметші өзінің қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру үшін банк немесе микроқаржылық ұйымдарға өтінішпен жүгіну қажет», - дейді ҚР ҚНРДА Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Бэлла Чиканова.