Биыл Қазақстанның дарынды балалары халықаралық олимпиадалардан 27 медаль алды

Биыл Қазақстанның дарынды балалары халықаралық олимпиадалардан 27 медаль алды
Сурет: Inform.kz

Қаржылай сертификаттар табысталды

Биыл қазақстандық дарынды балалар халықаралық олимпиадалардан 27 медель жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram каналында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Халықаралық олимпиадалардың жүлдегер оқушыларын салтанатты түрде марапаттадық. Биыл дарынды балаларымыз 27 медаль жеңіп алып, өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты. Биыл құттықтаудың өзі де балалар, олардың ата-аналары және мұғалімдер үшін ерекше қуанышты болды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында 27 жеңімпазға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табыстадық.
Бұл Президенттің дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды», - деп жазды министр.

Сондай-ақ ол бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын жеткізді. Биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады.

«Біз еліміздегі барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізудің ашықтығына ерекше назар аударуды жалғастыра береміз. Сондай-ақ жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алады. Дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хаттар табыстадым.
Ел Президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушыларымыздың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол», - деді Асхат Аймағамбетов.