Биыл елімізде қанша көмір өндірілді

Биыл елімізде қанша көмір өндірілді
Сурет: ашық дереккөз

Биылғы 7 айда елімізде 61 млн 700 мың тонна көмір өндірілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Жылу беру кезеңінің жоспарына сәйкес, шамамен 9 млн 100 мың тонна көмір қажет (оның ішінде коммуналдық салада - 2,4 млн тонна, халыққа – 6,7 млн тонна көмір). Биылғы 7 ай ішінде 61 млн 700 мың тонна көмір өндірілді, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 3 млн 900 мыңға жуық тонна жөнелтілді», - деді І. Оспанов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, әлеуметтік көмірдің шетке кетуін болдырмау мақсатында министрлік көмірді автомобиль көлігімен тасымалдауды шектеуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдады. Бұдан бөлек, көмір өндіруге келісімшарттары бар көмір өндіруші кәсіпорындар мен олардың үлестес сауда компанияларына тасымалдау құқығын бере отырып, көмір экспортына айрықша құқықты белгілеу мәселесі пысықталып жатыр.

«Жергілікті атқарушы органдар бақылаушы органдармен бірлесіп, жылу беру маусымына дайындықты күшейтуге мүмкіндік беретін бірқатар іс-шараларды пысықтауы қажет», - деді вице-министр.