Барахолкадағы өрт ауыздықталды

Барахолкадағы өрт ауыздықталды
сурет:kt.kz

Қоймадағы жалынды өшіруге төрт сағаттай уақыт кеткен.

Алматыдағы базардың біріндегі қоймадан шыққан өрт сөндірілді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға орнында жеке құрамның 91 қызметкері, 23 техникасы мен «Алматы Су» мекемесінің 2 су тасығыш машинасы және қаланың өзара іс-қимылының бүкіл күш-құралдары жұмылдырылды.

«Өрт сөндіру жұмыстары оңайға соқпады. Өйткені объектідегі өрт гидрантынан ақау шықты. Осыған байланысты су беру жұмыстары қосымша қамтамасыз етілді: өрт сөндіру автоцистерналарынан магистральдық желілер тартылды, жақын маңдағы су қоймасынан су алынды. Алматы су техникасы іске қосылды. Құрылымдар құлап, өрт сөндірушілер қоймаға кіре алмай әуреге түсті», - деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында өрт түскі сағат 13:18-де толық сөндірілді.

Еске салсақ, Алматыдағы қоймалардың бірі бүгін таңертеңнен бері өртеніп жатқанын хабарлаған болатынбыз.