Банкроттық рәсімінен өтуге жалған көмек ұсынушылар көбейген

Банкроттық рәсімінен өтуге жалған көмек ұсынушылар көбейген
Сурет: Ашық дереккөз

Қара халықты пайдаланатын делдалдарға тосқауыл

2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттық рәсімін қолдануға ниет білдірген азаматтардан өтініштер қабылдау басталды. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, кейбір ХҚО-лардың алдында ақшалай сыйлықақы үшін қажетті құжаттар ресімдеп беруді ұсынатын «көмекшілер» пайда болды. МКК өкілдері соттан тыс банкроттық рәсімі (берешек 5,5 млн теңгеден артық болмаған кезде) мүлдем тегін екендігі  жөнінде еске салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 
    
Қарыз алушыларды алдау үшін «көмекшілер» қандай аңыздар ойлап табатындары жөнінде Fingramota.kz талдап көрді.

«Сіздің соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша қарыздарыңызды делдалсыз есептен шығармайды»
Қаскүнемдер соттан тыс банкроттық рәсіміне  өтініш жазу  және мемлекеттік органдарға ұсыну бойынша өз қызметтерін ұсынады. Олар азаматтарды өздігінен жазылған өтініштер ешбір жағдайда қаралмайды деп сендіреді.

Бұл жалған түсінік! «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға сәйкес қазақстандықтар соттан тыс банкроттық рәсіміне  өтінішті дербес және мүлдем  тегін ұсынады. Ең бастысы, мынадай талаптар сақталуға тиіс: 
1. Банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс (2023 жылға –  бұл 5 млн 520 мың теңге);
2. Борышкердің атына тіркелген мүліктің, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің болмауы.
3.  Өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде кредиторлар мен коллекторлар алдындағы міндеттемелерді өтеудің болмауы.
4. Мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімнен міндетті түрде өту.
Егер борышкер өтініш берген күнге өзінің берешегін 5 жылдан артық өтемесе, онда аталған барлық талаптар оған қолданылмайды.