Балуан Шолақта бірнеше жарыс өтуде

Балуан Шолақта  бірнеше жарыс өтуде
Cуреттер: Самат Серікбайұлы

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында тоғызқұмалақ пен таэквондодан жарыс өтіп жатыр.

Amanat партиясы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының кіші залында  Amanat Cup жекелей ашық біріншілігі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ойын қазақтың ұлттық ойындарын қала жастары арасында дәріптеп, рухани белсенділіктерін арттыру мақсатында өткізілуде. Шараға Алматы тоғызқұмалақ федерациясы және «Алматыкітап» баспасы қолдау білдірді.

«Amanat партиясы ұйымдастырған бүгінгі турнирге Алматының әр ауданынан үздік балалар іріктеліп алынды. Жалпы, 40-қа жуық ойыншы қатысып жатыр. Турнир ұлдар мен қыздар арасында бөлек бес айналым бойынша өтеді. Жарыс швейцар жүйесіне негізделген, яғни ұпайы жоғары мықтылар өзара кездеседі, сөйтіп, бесінші айналымда жеңімпаздар анықталады. Тоғызқұмалақ шахмат секілді рапид, блиц және классикалық болып бөлінеді. Бүгінгі жарыс рапид бойынша өтіп жатыр, яғни әр ойыншыға 20 минут уақыт беріледі», – деді жарыстың бас төрешісі Әлімжан Қыдырбаев.

Сонымен қатар, ол өз сөзінде балалардың тоғызқұмалаққа қызығушылығы артып келе жатқанын да атап өтті:

«Қазір балалардың тоғызқұмалаққа қызығушылығы жоғары. Бұл спорттың бала санасына пайдасын ата-аналар да түсініп жатыр. Шахматқа балаларын қалай берсе, тоғызқұмалақ үйірмелеріне де солай қатыстырады. Қазіргі телефонға телмірген заманда тоғызқұмалақтың ми жұмысына пайдасын ата-аналар түсініп келе жатыр», – деді ол.

Сайыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлық табыс етіледі.

Айта кеткен жөн, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының негізгі үлкен залында Алматы таэквондо федерациясының ұйымдастырумен халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы Open Almaty турнирі өтіп жатыр.

«Қазір пандемиядан кейінгі таэквондодан ең ауқымды Open Almaty турнирі өтуде. Жарысқа 6 жастан бастап, 17 жасқа дейінгі 700-ден астам балалар мен жасөспірімдер қатысып жатыр. Жалпы, турнирде Қазақстанның барлық өңірлерінің және Қырғызстан мен Өзбекстанның өкілдері бар. Сондай-ақ, турнир аясында кәсіби таэквондодан үш жекпе-жек өткізіледі. Аталмыш жарыс салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту және өскелең ұрпақ арасында патриоттық сезімді ояту мақсатында ұйымдастырылды», –  деді Алматы таэквондо федерациясының вице-президенті Бахтияр Баязитов.