Баланы мектепке дайындау үшін берілетін көмекті кімдер алады?

Баланы мектепке дайындау үшін берілетін көмекті кімдер алады?
Сурет: ашық дереккөз

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала мектеп формасымен, мектепке қажет керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге материалдық көмекпен қамтылатын болады.

400 мыңнан аса бала мектепке дайындалу үшін материалдық көмек алады, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әр білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері - 40 567 теңге. Барлық ақша аударымдары ата-аналардың карточкалық шоттары арқылы жүзеге асырылады.

Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. 

Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100 пайыз қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді. Қордың атауы - "Жалпыға бірдей оқыту". Қор арқылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетеді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар қаржылай көмек алады. Оның ішінде Абай облысындағы апаттан қаза тапқан орманшылардың балалары бар.

Айта кетейік, былтыр мектеп жиынтығын сатып алу сомасы 17 мың теңгеден басталған болатын.