Алматыда 4,5 млн теңгеден астам сомаға ЖҚЕ бұзған азамат анықталды

Алматыда 4,5 млн теңгеден астам сомаға ЖҚЕ бұзған азамат анықталды
Сурет: Polisia.kz

4,5 млн теңгеден астам сомаға жол ережесін бұзған алматылық өз қателігін қайталамауға кеңес берді.

Ресей Федерациясында тіркелген Toyota Camry көлігінің 38 жастағы иесі автокөлік жүргізушілерінің антирейтингінде көш бастады. Ол жалпы сомасы 4 млн 574 мың 700 теңгеге жол қозғалысы ережесін бұзған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Одан кейін 1 млн 362 мың 750 теңге көлемінде төленбеген айыппұлы бар BMW көлігінің иесі тұр. Небәрі үш күнде Алматы жолдарында жүргізушілері ЖҚЕ өрескел бұзып, айыппұл төлемейтін 33 көлік ұсталды.

«Мен ресейлік нөмірмен ресейлік тіркеудегі көліктің иесімін. Бірнеше жыл айдадым, ережені бұздым. Айыппұл соммасы шамамен 4,5 млн теңгені құрады. Мені полиция қызметкерлері ұстады, көлікті айыппұл тұрағына қойды. Амал жоқ, айыппұл төлеуге тура келді. Оларды төлеген соң, мен қатты күйзеліске түстім: кейде тіпті дәрі-дәрмекпен өзімді тыныштандырдым. Болашақта мұны қайталамаймын. Төлеу өте ауыр болды. Бәрі үшін төлеу керек болады, сондықтан ЖҚЕ бұзбағаныңыз жөн. Алматылықтарды, республика тұрғындарын ЖҚЕ сақтауға шақырамын», – деді құқық бұзушы.

Осы және басқа да жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзушыларды полиция автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы анықтап жатыр.

«Бұған дейін бірнеше рет хабарланғандай, Алматыда жалған мемлекеттік тіркеуіш нөмірлік белгілерін пайдаланатын, көліктерге арнайы белгі беретін құрылғылар орнатқан көлік жүргізушілерін, көлікті мас күйінде басқарған және төленбеген айыппұлдары бар адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеу қажеттігін тағы да еске саламыз және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.