Балам ақылды болып өссін десеңіз...

Балам ақылды болып өссін десеңіз...
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Мамандардың айтуынша, бұл сонша қиын шаруа емес көрінеді.

Қазіргі ата-ананың көпшілігі балаларынан көп нәрсе күтеді. Оларға ұрпағының тек бақытты жан болғаны аздық етеді, оған қоса өмірде жетістікке жеткен табысты адам болғанын қалайды, ол үшін бала ақылды және мақсатынан айнымайтын болуы керек.

Бірақ ата-ана бұл жағдайға ықпал ете ала ма, баланың ата-бабасынан асып туып, ақылдырақ  болып өсуіне көмектесу мүмкін бе? Осы орайда мамандар  баланың интеллектуалды дамуына қатысты мына 3 әрекетті ұсынады.

  1. Баламен бірге көбірек уақыт өткізіңіз

Психологтардың пікірінше, бұл жерде де, көп нәрсе өмірдің басқа саласындағыдай, баланың басты тәрбиешісі – ата-анаға байланысты. Біріншіден, ата-ана баланың дүниетанымына, мінез-құлқына, психологиялық ұстанымының орнығуына әсер етеді.

Ата-аналар баласына өмірлік маңызы бар «қателіктен сабақ алу» ұстанымының  қалай қалыптасатынын өздерінің үлгісімен көрсете алады. Яғни, өз кемшілігіңді мойындаған кезде жабырқамай, жаныңды жемей, жіберген қателікті мойындауға үйретеді.

Құлап қалған жерінен қайта тұрып жүгіріп кетуге болатынын көрген бала әрбір  сәтсіздікті  жаңа жетістікке қанаттандыратын трамплин деп түсінеді, бұдан кейін ол алға жылжудан, тәуекел етуден және жаңа нәрселерді үйренуден қорықпайтын болады.

Сонымен қатар, ата-аналар баласымен бірге көп уақытын өткізу, онымен көбірек әңгімелесу арқылы да оның ақылды болып өсуіне көмектесе алады. Сөйлеуді дамыту, баланың сөздік қорын толықтыру – мұның бәрі көбінесе ана мен әкенің баламен қарым-қатынасына байланысты. Балаңызбен үнемі сөйлесіп, ақылдасып, оның айтқанын ықыласпен тыңдап, оны қызықтырған тақырыпты бірге талқылап, айналасымен таныстырып, қоршаған орта туралы ақпараттандырып отырсаңыз, бұл – сіздің ұрпағыңыздың интеллектуалды дамуына берген мүмкіндігіңіз.

  1. Балаңыздың достарымен көбірек араласуына мүмкіндік беріңіз...

Балаңыздың тек қана оқу үлгеріміндегі  жетістігіне қадала бермеңіз. Әрине, егер ол ерте жасынан бастап әріп танып, есепті шемішкеше шағатын болса, бұл оның мектепте  жақсы оқуына көмектеседі, бірақ бұл интеллекттің дамуына ықпал ететін жалғыз нәрсе емес.

Шын мәнінде, баланың миының жақсы жетілуіне және оның болашақ өмірдегі табысына әлеуметтік дағдылар жақсы оқу мен санау қабілетінен кем әсер етпейді.

Адамдармен көбірек қарым-қатынас жасау қабілеті жаңа достар табуға ғана емес, сонымен қатар қоршаған әлем туралы көптеген жаңа нәрселерді біле түсуге ​​​​де көмектеседі. Яғни, бұл да ақылды болу дегенді білдіреді.

Әрине, бұл оқуға мүлдем мән бермеу керек деген сөз емес. Бірақ балаңызды мектептен кейін оқуға мәжбүрлеу немесе үй тапсырмасын орындау үшін бірнеше сағат отырғызып қою оның интеллектуалды дамуына көмектесудің жалғыз жолы емес екенін есте сақтаңыз.

  1. Емін-еркін ойнатыңыз

Балалар ойнау арқылы да білім жинайды. Яғни, даму үшін бір нәрсеге белсенді қатысу керек. Бұл деген сансыз білім беретін қосымшалар немесе телешоуларды көру емес, ол арқылы балаңыздың ақылды болып кетпейтінін білесіз. Ақылды болу үшін оған тұрақты түрде емін-еркін ойнай алатын мүмкіндік қажет.

Барлық сезім мүшелерін қамтитын шығармашылық, қиялына ерік беретін рөлдік ойындардың көмегі өте зор. Олар баланы әртүрлі жағдайларда өзін жоғалтпауға және әртүрлі мәселелерді шешуге үйретеді. Сондықтан, сіз де балаңыздың ойнауға уақытын қалдырмай, оқу тапсырмасын шамадан тыс үйіп-төкпеуіңіз керек.