Қазақстан мен Еуроодақ сирек кездесетін жер элементтерін бірігіп өндірмек

Қазақстан мен Еуроодақ сирек кездесетін жер элементтерін бірігіп өндірмек
Cурет: Qazaqstan.tv

Қазақстан мен Еуропалық Одақ сирек кездесетін жер элементтерін өндіріп, осы салада ынтымақты күшейтпек.

Жақында Мысырда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия төрағасы Урсула Фон дер Ляйен тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутегі құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы келісімді жүзеге асыру үшін қос тарап жол картасын әзірлемек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Брюссельде Еуропалық Одақ өкілдерімен кездесті. Тараптар геологиялық барлауға бірлесіп қаражат тарту, жаңа өндіріс орындарын құру, көміртегі қалдықтарын азайту және кен орындарын цифландыру мәселелерін талқылады.

«Жасыл технологияға көшіп, цифрландыруды дамыту үшін біз үш нәрсеге басымдық бермекпіз. Ол - шикізат, жасыл сутегі және батареялар. Осыған қажетті шикізат материалдарын жер астынан іздеу, қайта өңдеу, яғни барлық кезең бойынша іскерлікті арттыруға ниеттіміз», - дейді Еуропалық комиссияның шикізат бөлімінің жетекшісі Питер Хэндли.
«Біріншіден, Еуропадан инвестиция тарту, екіншіден, технология тарту. Ал ең басты алға қойып отырған мақсатымыз - тек қана Еуропаға шикізат жібереміз емес, сол толыққанды өндірісті ел аумағында қойып, осы Еуропа елдеріне болсын, кәсіпорындарына болсын дайын тауарды жіберу», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.