Бала және Ораза

Бала және Ораза
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бүгінде ауыз бекітетін жастар қатары көбейді. Бек қуаныштымыз! Себебі, бізге елдің ертеңін сеніп тапсыратын денсаулығы мықты, иманды, білімді ұрпақ керек.

Қазір мектеп жасындағы, оның ішінде бастауыш сыныптың балалары да ораза ұстайтын болған. Бұл «апам тойға барады, мен де барам» дегенге саймай ма? Осы тектес өзге де сауалдарымызды «Таугүл» мешітінің найб имамы Аянбек РАНҰЛЫНА қойған болатынбыз.

– Бүгінде кішкентай балдырғандар да ауыз бекітетін болған. Баланың аты – бала, сәресіне тұра алмай ұйықтап қалатыны немесе үлкендерден жасырып тамақ ішіп-жеп қоятындары да жоқ емес. Жалпы, жеткіншектер қай жастан ораза ұстағаны дұрыс?

– Қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын! Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын!

Барлық мұсылман қауымына балиғат жасына толғаннан бастап ораза ұстау – парыз. Балиғат жасы – ер жету, бой жету жасы. Балиғат жасы ер балаларға 12 жас болса, қыз балаларға 9 жас болып есептеледі. Әрине, бала да ораза ұстауға риясыз ниетімен келгені дұрыс.

– Балалар оразаның қадір-қасиетін тереңінен түсіне қоймауы мүмкін. Сондықтан оларға Рамазан айында үлкендер тарапынан қандай қолдау көрсетілуі керек?

– Бірнішіден, баланың ораза деген ықыласын жастайынан оятқан жөн. Сіздің ораза ұстап жүргеніңізді көріп жүрген баланың сізбен бірге ораза ұстауға деген ынтасы болары сөзсіз. Сосын Рамазан айы келмес бұрын оның қандай ай екенін, мұсылмандар неге ораза ұстайтынын түсіндіріп беріңіз.

Рамазан айының әр кешінде оларға пайғамбарлар тарихын, ғибратты әңгімелер, хикметтер айтып беруді әдетке айналдырған жөн. Баламен денсаулықты қазірден күту туралы әңгіме-дүкен құрып, бұл ретте оразаның пайдасы үлкен екенін айтуымыз керек. Өзіңе сөйлейтін тіліңді, еститін құлағыңды, аяқ-қолыңды тегін берген Алла тағала «Рамазан айында тұтқан оразаң үшін сый-сияпатымды еселеп беремін» деген.

Кішкентай баланы, мәселен, таң мен түстің арасында ораза ұстатып үйрету керек. Бала таңғы шәйін ішіп алады ғой, сосын оған «түскі асқа дейін ештеңе ішпей, жемей, шыдамдылық танытар болсаң, мен саған жақсы көретін тәтті кәмпитіңді алып беремін» немесе «тамаша сыйлығым бар» деп қуантып қою қажет. Сонда бала бір жағынан сыйлық алуға асығады, екінші жағынан сабырлы болуға, төзімділікке, шыдамдылыққа үйрене бастайды. Одан балаға еш зиян келмейді. Өзін судан, тамақтан тыя алатын болады. Сол арқылы асқазанын үйретеді. Имам Мәліктің бір оқиғасы бар. Әкесі ұлына бір күнде бір хадис жаттаса, кәмпит алып беретін болған немесе сый-сияпат беріп отырған. Күндер өте келе ұлы «енді екі сыйлық алайыншы» деп құлшынып, бір күнде екі хадистен жаттайтын дәрежеге жеткен. Сөйтіп ары қарай хадисті жаттау күнделікті дағдысына, сүйіспеншілікпен атқаратын ісіне айналып, сосын сыйлық та, тәтті де күтпей-ақ оп-оңай жаттап алатын болған.

Рамазан айына, оразаға баланы дайындаудың тағы бір жолы – айналамызда ауырып, сырқап қалған кісілер болса, сол адамға арнап сорпа-су дайындап, «жүр, балам, көрішіміз ауырып қалыпты, көңілін сұрап қайтайық» деп, баланы жанымызға ертіп алып, оның бойына мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сезімін сіңіре беруіміз қажет.

– Аузы берік бала қарны ашып, тамақты ойлай бермес үшін ата-ана тағы қандай қызықты қадамдар жасағаны дұрыс?

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір құрмамен ауыз аштырғанға да, тек сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүтпен ауыз аштырғанға да сауап беріледі», – дейді. Иә, дініміз бойынша, өзгелерге ас-су беру сауапты амал екендігін баршамыз білеміз. Ал Рамазан айында аузын бекіткен бауырларымызға тамақ беру одан да сауапты іс. Балаңызға «кел, екеуміз көршілерімізге, жақындарымызға әрқайсысына үш құрмадан дайындайықшы» деп, әр қалташаға салып, жанына түрлі тәттілер қосып, балаңызбен кішкентай болса да пайдалы іс істеген абзал. Сол кезде бала да оразаның қадір-қасиетін түсінеді, хикметін сезеді деп ойлаймын. Ауызашарға дейін осындай іспен айналысқан жеткіншек қарны аш екенін де бір сәтке ұмытып кетеді. Бұл – үлкен хикмет.

– Демек, бала мен ата-ананың арасында рухани байланыс болуы керек.

– Міндетті түрде. Адам баласына оразаның еш зияны жоқ. Оның денсаулыққа пайдасы орасан. Мәселен, көлікті де жыл он екі ай жүргізе берген соң, темір болса да, ол да тозады, бір жері сынады. Сондықтан әлдебір бөлшегін ауыстыру керек болады. Немесе, айталық, жұмыс істеген адам да бір жылда бір рет еңбек демалысын алады, ал оқушылар, студенттер демалысқа шығады. Себебі, адам үздіксіз жұмыстан, жүрістен тынығу керек. Сол секілді, он бір ай үздіксіз жұмыс істейтін асқазанға да демалыс керек. Ағзамызға артық майлар, тұздар, шлактар жиналып, көбейе береді. Соны ретке келтіру үшін бізге ораза ұстау керек болады. Оразаның орасан зор пайдасын тіпті Еуропаның да іргелі медицина орталықтары дәлелдеген.

Ауызды құрмамен ашу керек, онда бізге керекті дәрумендердің бәрі бар. Көкөністерді көбірек тұтыну қажет. Ауыр тамақтар жеуге болмайды. Ауыз ашқанда тыңқиып тойып та алмаған абзал. Мүмкіндігінше жеңіл тамақтар ішкен жөн. Осылай бір ай бойы денсаулығыңызды туралап алсаңыз, иншалла, денсаулығыңызға да пайдасы бар. Тек денсаулығым деп емес, мақсат – Алланың парыз қылғандығын сезіне білу, балаларға да осылай түсіндіре білуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!