Алматыдағы асфальтбетон зауытында жаңа құрылғы іске қосылды

Алматыдағы асфальтбетон зауытында жаңа құрылғы іске қосылды
Сурет: Almaty.tv

Өнім қолданысқа жөнелтілмей тұрып, арнайы зертханада тексеруден өтеді

Алматыдағы асфальтбетон зауытында сағатына 300 тоннадан астам өнім шығаратын жаңа құрылғы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, халықаралық стандартқа сай бұл құрылғы алдыңғыға қарағанда 3 есе мықты. Мәселен, қазір сағатына 300 тоннадан астам асфальтбетон өндіріп жатыр. Өндірілген өнім өз ретінде республикалық маңызы бар тас жолға және қаладағы көшелердің құрылысы барысында қолданылады.

«Алматыдан 100 шақырымдай жерге дейін тасымалданады. Алайда асфалтьбетонның көп бөлігі шаһардағы көшелерге төселеді. Жаңа құрылғының арқасында өнім дайындау жылдамдығы да, сапасы да артты», – деді өндіріс басшысы Александр Стефанов.

Мамандардың айтуынша, бұрын тұрған құрылғы сағатына 100 тоннадан аспайтын өнім ғана берген. Сондықтан жүк көліктері ұзын сонар кезекте тұратын дейді. Зауытқа келген шетелдік мамандар да жаңа құрылғының жұмысымен танысып, жалпы өндіріс орнына өз бағасын берді.

«Аядай ғана жерде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқаны мені таңғалдырды. Бұл жерді өз көзіммен көріп, өзгеше әдістерді байқадым. Мұндағы қызметкерлер өз ісінің майталманы екенін аңғардым», – деді шетелдік компания өкілі Мэдс Дженефк (Дания).

Зауыт аумағында асфальбетон өндірісіне арналған 4 құрылғы бар. Олар Алманиядан және Италиядан әкелінген. Одан шыққан өнім қолданысқа жөнелтілмей тұрып, арнайы зертханада тексеруден өтеді.