Онлайн несие беретін 18 микроқаржы ұйым лицензиясынан айырылды

Онлайн несие беретін 18 микроқаржы ұйым лицензиясынан айырылды
Сурет: Ашық дереккөзі

Жыл соңына дейін 6 микроқаржыұйымында тексеру аяқталады

Жыл басынан бері елдегі 70-тен астам микроқаржы ұйымы лицензияларынан айырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл жайында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті. 

«ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржыландыру нарығын қызметі оларға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін және тұтынушылардың мүдделеріне айтарлықтай қауіп төндіретін жосықсыз қатысушылардан тазарту ағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізіп отырады. 2022 жылдың басынан бері микроқаржылық қызмет жүзеге асыратын 72 ұйымға, оның ішінде 18 микроқаржы ұйымы мен 42 ломбардқа, 8 кредиттік серіктестікке лицензиядан айыру санкциясы қолданылды», - деді Агенттік.

Ресми мәліметке сүйенсек, аталған ұйымдардың қызметін тоқтатуға мынандай жайттар негіз болған: 10 микроқаржы ұйымы, 7 ломбард және 6 кредиттік серіктестік лицензия алған күннен бастап алты ай ішінде жұмыс істемеген; 1 микроқаржы ұйымы уәкілетті органның жазбаша ұйғарымдарын жүйелі түрде (бір жылдың ішінде үш және одан да көп рет) орындамаған; 1 микроқаржы ұйымы қызметін заңдардың, уәкілетті органның, Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын жүйелі түрде (бір жылдың ішінде үш және одан да көп рет) бұза отырып жүзеге асырған, сондай-ақ заңнамада рұқсат етілмеген қызмет түрлерін көрсеткен; 6 микроқаржы ұйымы, 39 ломбард және 2 кредиттік серіктестік қайта ұйымдастыруға немесе таратуға байланысты қызметті ерікті түрде тоқтатқан. 

«Сонымен қатар «Ломбард Astana Gold» ЖШС лицензиясының қолданысы уәкілетті органның жазбаша ұйғарымын орындамағаны үшін 08.08.2022ж. бастап 3 айға тоқтатылды. Агенттік сомасы 50 АЕК-ке (153 150теңге –ред.) жетпейтін қысқа мерзімді онлайн микрокредиттер өсіп келе жатқанын байқап отыр. Осыған байланысты 50 АЕК-ке дейінгі онлайн микрокредиттердің шамамен 80%-ы үлесіне тиетін 10 ірі микроқаржыұйымын тексеру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 6 микроқаржыұйымында тексеру аяқталады», - деп толықтырды қаржы ұйымы.