Бала 18 жасқа толғанда Ұлттық қордан қанша ақша алады?

Бала 18 жасқа толғанда  Ұлттық қордан қанша ақша алады?
Сурет: интернеттен

Бұл ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.

Қазақстандық балалардың шотына Ұлттық қордың ақшасы келесі жылы ақпан айынан бастап түсе бастайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында кәмелетке толған баланың шотында қанша ақша жиналатынын айтты.

"Егер осы жүйеге бала дүниеге келген кезден бастап қатысса, 18 жасқа толғаннан кейін 3 мың доллардан 4 мың долларға дейін алады", - деді Жамаубаев.

Айта кетері, бір ай бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы заңға қол қойды.

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына ақпан айынан бастап аударылады. Бұл ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.

Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.

Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.