АҚШ Қазақстанды Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығымен құттықтады

АҚШ Қазақстанды Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығымен құттықтады
сурет: Ult.kz

Америка Құрама Штаттары Қазақстанның бүкіл әлемде ядролық сынақтарды тоқтатуды қолдау жөніндегі табанды ұстанымы үлкен құрметке лайық деп бағалайды.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің facebook парақшасында жариялады.

АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдемесінде Қазақстанды Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығымен құттықтады.

«Америка Құрама Штаттары Қазақстанды Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығымен құттықтайды. Полигонды жабу туралы шешім ядролық қауіпсіздік пен оны таратпауды толық қолдайтынын көрсетеді. Қазақстанның Семей полигонын жабу туралы шешімі әлемде бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған аса маңызды шаралардың бірі әрі бірегейі болды. Полигон жабылғаннан бері Құрама Штаттар Қазақстанмен бірлесіп кеңестік ядролық сынақтардан қалған инфрақұрылымдардың қалдықтарын жою бойынша әріптестік орнатты. Жуырда Дегелең тауындағы ядролық сынақтар жүргізілген 181 жер асты өткелі жойылды, - делінген мәтінде.

Сонымен бірге АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанның бүкіл әлемде ядролық сынақтарды тоқтатуды қолдау жөніндегі табанды ұстанымы үлкен құрметке лайық деп бағалады.

«Қазақстанның бүкіл әлемде ядролық сынақтарды тоқтатуды қолдау жөніндегі табанды ұстанымы үлкен құрметке лайық. Бұл ретте Америка Құрама Штаттары Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімді қолдайды және осы мақсатқа жету жолында кездесетін сын-қатерлерді ескере отырып, оның іске асуына күш салады. 
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімнің мақсаттарына сәйкес Құрама Штаттар ядролық сынақтарға мораторийдің сақталуын және ядролық қаруы бар барлық мемлекеттерді мораторий жариялауға немесе жалғастыруға үндейді. Біз Қазақстан үкіметіне тұрақты серіктестігі үшін ризашылығымызды білдіреміз», - дейді АҚШ Мемлекеттік департаменті.