Аймановтың айнымас досы

Аймановтың айнымас досы
almaty-akshamy.kz

Жап-жасыл желекке оранған шағын ғана кент. Арба жеккен ат пен жаяу жүргіншілер ғана шағын шаһардың ажарын кіргізгендей. Биік қара ағаш­тар, сылдырап аққан арық суы көше бойына ерекше көрік берген. Небәрі 300 мыңға жуық тұрғыны бар шаһардың 30-жылдардың соңы, яғни соғыс алдындағы көрінісін осылай елестетуге болады. Бұл кезде қала басшылығына (1939-1941) Хасен Байұзақов келді.

Қалалық атқару комитетінің төрағасы болған ол көріктенді­ру, көгалдандыру жұмыстарына басым сипат берді. Қалаға жаңа мәдениет алып келуде жаңа бетбұрыстарға жол ашты. Қыс­қасы, өзгелердің тәжірибесіне сүйене отырып, қала деген ұғымның араб тілінен аударған­да мәдениет деген мағына бе­ретінін де ерекше ескеріп, ек­шей келе жаңа үлгідегі қала салу үрдістеріне бет бұрды.

Бұл ретте ең алдымен қалада шағын өндіріс орындарын салу­ды қолға ала бастады. Өйткені, қала халқының жыл сайынғы өсімі басты назарда болып, оларды жұмыспен жеткілікті қамтамасыз ету қажет болды. Оның үстіне осы жылдары ауыл халқының қалаға қоныс ауда­руына мүмкіндіктер жасала бастаған. Осыған орай, бір жа­ғынан Қазақ КСР-інің депутаты ретінде Хасен Байұзақовтың қала бюджетін қорғауға зор мүмкіндігі де болды. Соның арқасында 1940 жылы шаһар шаруашылығы соны серпінмен дамып, қала бюджеті 108,7 па­йызға орындалып, 5561 мың рубль кіріске шықты. Бұл өндірістік жағынан енді бетбұ­рыстар жасай бастаған шаһар үшін айтулы табыс еді. Бұл рет­те шаһар басшысының еңбегі өкімет тарапынан жоғары баға­ланып, «Еңбек Қызыл Ту» ор­денімен марапатталды.

Бар тіршілігі енді қалыпта­сып, тамырына қан жүгіре бас­таған шаһарда төтенше жағдай­лармен бетпе-бет келуге тура келді. Осы кезде қала ішін ке­неттен өрт шалды. Кейбір дерек көздерінен мәлім болғанындай, соғыстың алғашқы жылдарында Алматыға ішкі Ресейден әскери қорғаныстық маңызы зор зауыт­тар мен фабрикаларды көшіріп әкелді. Сонымен қатар, сырттан жаяу-жалпылап, арып-ашып жеткен халықты да бауырға ба­сып, пана болу оңайға соққан жоқ. Сонымен қатар, осы жыл­дары Алматыға «Мосфильмді» де уақытша көшіріп әкелген бо­латын. Міне, осынау тағдырлы сәтте қала басшысы үлкен са­бырлылық танытып, мәселені шешуде айрықша ұйымдастыру­шылық қабілетімен көзге түсті.

Әрине, қаланы басқарудағы әр басшының өз қолтаңбасы, артында қалған ізі болады. Ха­сен Байұзақов шаруашылық­тың, өндірістің шебер ұйымдас­тырушысы, өз кәсіби маманы болумен қатар, шаһардың мәде­ни, рухани дамуын да басты назарда ұстап, өзін идеялық жағынан шыңдалған идеолог ретінде де танытты.

Бұл ретте ол қазақтың зия­лы, танымал азаматтарымен араласа жүріп, оларды қала жұ­мысына тартып, көп кеңесіп отыруды дағдыға айналдырды. Мәселен, Әбділда Тәжібаев, Мәлік Ғабдуллиндермен үлкен сыйластықта болған. Бұл кісінің қызы Гүлпанның айтуынша, Шәкен Аймановпен ет бауыр жақын дос болған. Бір-біріне жиі қонаққа барып, ұзақ уақыт әңгіме-дүкен құратын көрінеді. Тіпті, ұлы Алмастың кино опе­раторы болуы да тектен-тек еме с еді. Кейінірек Алмас Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы кинохро­нологиясының директоры бол­ды.

«Хасен Байұзақов – Алматы атқару комитетінің алғашқы төрағаларының бірі. Ол кезде біз студентпіз. Білетінім, сол уақытта Алматыда үкімет үйі салына бастады», – дейді мем­лекет және қоғам қайраткері Хайдар Арыстанбеков.

Қысқасы, Хасен Байұзақов Алматыны күрделі кезеңде бас­қарып, тығырықтан шығаруда достың да, дұшпанның да тілін тауып, жол таба білді.

Әрине, 50-жылдардың сүргіні оны да айналып өтпеді. Оның соңына шырақ алып тү­сушілер де болды. Осы жолда оған қолдау білдірген нар тұлға­ның бірі, қалалық атқару коми­тетінің төрағасы Ахмет Әділов еді. Ахаң оған қорған болып қана қоймай, пәтер алып та бер­ген. Ол кісіні Хасен аға «Әді­летті Әділов» деп отырады екен.

Алматыны соғыстың алдын­да небәрі екі жыл ғана басқар­ған, Аймановтың айнымас досы Байұзақов оның ең күрделі ке­зеңдегі жағдайын бастан кешті. Содан да ұмытылмайды.

Қали ҚОШҚАРҰЛЫ.