Автобустарда кітап сөресі бар

Автобустарда кітап сөресі бар
almaty-akshamy.kz

Семейліктер кітапты автобуста да оқиды. Руханиятты ойлайтын жергілікті белсенділер қоғамдық көліктерде тұрғындарды кітап оқуға шақыратын «Даналық ізімен» деген акция бастапты.

Қала ішінде жүретін автобустардың сыртына Ұлы Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз», «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген секілді қанатты сөздері жапсырылған. Ал автобус ішіне шағын кітап сөресі қойылып, онда ақын-жазушыларымыздың кітаптары орналастырылған.

– Кітап оқу автобус, үй деп қарамайды. Әр адамның зейініне, пейіліне байланысты. Кітаптар жақсы екен. Мағыналы, ұғынықты, – деп сұхбат беріпті «24 Хабарға» Еркін Екібаев деген семейлік.

Автобус ішінде кішкентай бір ұл бала да кітап парақтап отыр. Әне, бізге керегі сол ғой, кітапты түгел оқып тастамаса да, әйтеуір, бір жолы немесе абзацы баланың көз алдында, санасында қалары сөзсіз.

«Автобустағы кітап сөресі» өңірлерге тарататын жақсы идея екен, ә?! Қалада әзірге 6 автобус солай безендіріліп, 60-тан астам кітап жиналыпты. Ерекше акцияны ұйымдастырушылар алдағы уақытта кітабы бар автобусты да, кітаптар санын да көбейткелі отырған көрінеді.

Әзірлеген Нұр ЖАМАЛ