Ауласында марихуана бұтасын өсірген ағайынды екі жігіттің әрекеттері әшкереленді

Ауласында марихуана бұтасын өсірген ағайынды екі жігіттің әрекеттері әшкереленді
Сурет: Polisia.kz

Есірткі өсірумен айналысқандардың заңсыз әрекеті

Есірткіге қарсы қылмыстың жолын кесуге, құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз егінін жоюға бағытталған «Допинг» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында Алматы қаласының полицейлері 1988 және 1990 жылғы жігіттердің заңсыз әрекеттерін анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ағайынды екі жігіт аулаларында 100-ге жуық марихуана бұтасын өсірген. 

«Бастапқыда жедел және арнайы іс-шаралар кешені жүргізілді. Жедел ақпарат расталды. Күдіктілер ұсталды. Ер адамдар Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан өз үйінің ауласында марихуана өсіргені анықталды. Бақшадан, сот-химиялық сараптамаға сәйкес, жалпы салмағы 24 келі 300 грамм болатын 98 түп жабайы қарасора тәркіленді. Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның барысында жастар қандай мақсатта тыйым салынған шөпті өсіргені анықталатын болады», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.