Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта...

Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта...
Сурет: Halyq-uni.kz

Дейтұрғанмен, бүгінде ауыл жұртшылығы қалада тұруға асық.

«Бү­гінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуы­ғы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп хал­қы­мыз бекер айтқан жоқ. Ауылдағы жағ­дайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен  ауылды дамыту мә­селесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамы­тудың бес жылға ар­налған нақты жоспарын әзірлеуді тапсы­рамын. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауы тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз».

Бұл - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2022 жылғы 26 қарашада Ұлықтау сал­танатынан кейін сөйлеген сөзінен. Онда Президент өзінің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығын ауылға арнап, дәл сол күні «Қазақ­станның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­дамасы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. 

Мемлекет басшысы ауылды гүлденту мәселе­леріне президенттік алғашқы мерзімінен бері ерекше назар аударып келеді. 

Дегенмен, ауыл халқы қалаға қарай көшуге бейім. Қазіргі уақытта еліміздің ауылдарында 7,5 миллионнан астам адам тұрады. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл –  ел халқының 38,2%-ы.

Урбанизация қарқынына байланысты соңғы жылдары ауыл халқының үлесі азайып келеді. Егер 2022 жылдың басында ауылдардағы халық саны 7 728 176 адамды құраса, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 7 556 745 болды. Оның ішінде 3 832 903 – ерлер, 3 723 842-әйелдер.

Ауыл тұрғындарының саны жағынан Түркістан облысы алда, ондағы ауылдықтар саны – 1 599 909 адам. Екінші орында Алматы облысы – 1 262 161 адам, үшінші орында Жамбыл облысы – 691 179 адам. Одан кейін Қызылорда облысы – 442 423 және Маңғыстау облысы – 420 052. Ауыл тұрғындарының саны Ұлытау облысында ең аз, онда облыс халқының 21%, яғни 46 328 адам тұрады.

Облыс халқының жалпы үлесінде ауылдықтар саны басым 7 өңір: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары.