Ауыл маңындағы жайылымдар кеңейтіледі

Ауыл маңындағы жайылымдар кеңейтіледі
Сурет: Egemen.kz

Жер түгендеу бағытындағы тексерулер жанданған сәттен бастап ірі жер иеленушілері бос жатқан алқаптарын белсенді игере бастаған.

Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Жер инспекциясының жұмысын күшейту есебінен Мемлекет басшысының 2022 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектардан кем емес жерді қайтару жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды.

Өткен жылмен салыстырғанда, тексерулер саны 9 есеге, ал тексерумен қамтылған аумақ 21 есеге өсті», - деді Әбілхайыр Тамабек.

Оның сөзіне қарағанда, аталған жер түгендеу жұмыстары жерді игеру жұмыстарының жандануына түрткі болған.

«Олар қазірдің өзінде шамамен 1,8 млн гектар жерді игеруді бастады. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда, 6 есе артық.

Халық малын жаю үшін жайылым тапшылығы проблемасын шешу үшін шаралар қабылдануда.

Бірінші кезекте ауылдық елді мекендердің шекаралары мемлекетке қайтарылған жайылымдық алқаптар мен жерлер, сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін алынған жерлер есебінен кеңейтіледі. Ауыл шаруашылығы құралымдарымен олардың жайылымдарын жеке қосалқы шаруашылықтардың уақытша пайдалануы туралы меморандумдар жасалады. Жайылымдарды басқару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде оларға босалқы жерлерден жайылымдық алқаптар бере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді министрдің орынбасары.