Асқар ХИКМЕТОВ, ХАТУ АҚ басқарма төрағасы, ректор: Жастар үшін маңызды белес

Асқар ХИКМЕТОВ, ХАТУ АҚ басқарма төрағасы, ректор: Жастар үшін маңызды белес

Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысқа енгізілгеніне биыл 27 жыл толып отыр. Осы кезеңде еліміздің Негізгі Заңы – орнықты, тәуелсіз мемлекет құрудың, тұрақты даму мен жаңа құқықтық кеңістік қалыптастырудың серпінді нормативтік тұғырына айналды.

Ата Заңымызда Қазақстан Республикасының әрбір азаматының жеке бас бостандығы мен құқықтарына кепілдік берілген. Біз еліміздің осы басты төлқұжатының арқасында өзгелермен терезесі тең мемлекет құрдық, халықаралық саясат сахнасында лайықты орын алып, әлемге танылдық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық тұрғыда ұшан-теңіз жетістікке жетіп, алға нық қадам басып келеміз.

Конституциямызды халқымыз құрмет тұтады. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады. Жоғарыда айтқанымдай, Ата Заңымыз азаматтарымыздың ұлттық, азаматтық, әлеуметтік, саяси құқықтарының қорғалуы мен жүзеге асуының кепілі болып отыр. Халық мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі болып табылады және оны тікелей республикалық референдум, еркін сайлау арқылы, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға беру арқылы жүзеге асырады.

Биыл 5 маусымда елімізде Ата Заңға толықтырулар мен түзетулер бойынша өткізілген жалпыхалықтық референдумды ерекше атап өтуіміз керек. Бәріміз маңызы ерекше тарихи оқиғаның куәсі болдық. Қазақстан халқы ерікті түрде тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістер тұңғыш рет жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданып, Жаңа Қазақстанға, әділетті қоғамға қарай қадам бастық.

Конституциялық реформаның іске асырылуы және Жаңа Қазақстан құру идеясы елімізді ынтымақ, бірлік, татулыққа бастайтыны сөзсіз. Азаматтардың құқығын қорғау мәселесіне келгенде, біздің Конституциямыз демократияның барлық талаптарына сай келеді. Мұны әлемнің бірқатар дамыған елдері де мойындап отыр.

Ендігі мәселе, Конституциялық реформа мен заңнаманың маңыздылығы қазақстандықтарға, оның ішінде жастарымызға жыл он екі ай үздіксіз айтылуы қажет. Бұл тек Конституция күні қарсаңында айтылатын мәселе емес. Әсіресе, мектеп қабырғасындағы, білім ошақтарындағы оқушылар мен студенттеріміздің санасына еліміздің Негізгі Заңының бағдарларын мықтап сіңірсек, мемлекетіміздің әлеуеті алға басатыны анық. Әр азамат өзінің құқықтарымен қоса, міндеттерін де жақсы білгені қоғам үшін де, мемлекет үшін де, адам үшін де бірдей тиімді. Сондықтан бұл науқандық шара емес. Әрбір мекемеге кірген кезде сол мекеменің жұмыс аясына қатысты баптарды іліп қою қажет деп ойлаймын. Мысалы, емхананың кіреберісінде Конституциядағы денсаулық сақтау саласына қатысты бап ілініп тұрсын. Азаматтарымыздың алғашқы тегін медициналық көмек алуға құқығы бар екені жазылып қойсын. Білім ошағында білімге қатысты, әскери орында қорғанысқа қатысты баптар жазылсын.

Ата Заңымыздың өміріміздегі орнын, рөлін, маңызын осындай нақты істермен насихаттауымыз керек. Сонымен қатар, еліміздің әрбір азаматының мемлекет мүддесі жолындағы парызы мен борыштарын түсіндіру жұмыстары да қалыс қалмауы қажет. Түптеп келгенде, әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, мемлекеттің мүддесін тұғырлатуға, отандастарының құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Жалпы, жаңартылған Конституция бізге мемлекетіміздің тәуелсіздігін ашық демократиялық қағидаттар негізінде тұғырлатуға мүмкіндік бермек. Бұл, әсіресе, бүгінгі студент-жастарымыз үшін маңызды белес болмақ. Ал мемлекетшіл, білімді, іскер де білікті жастарымыз бүкіл қоғамның дамуына тың серпін берері сөзсіз.