Ashyq жобасы әуежайлар мен теміржол вокзалдарында енгізілетін болды

Ashyq жобасы әуежайлар мен теміржол вокзалдарында енгізілетін болды
Сурет: Gov.kz

Бұл жоба маусым айының соңына дейін әуежайлар мен теміржол вокзалдарында жүзеге асырылады.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бүгінде Ashyq жүйесімен қызметтің барлық саласындағы 10 мыңнан астам нысан қамтылған. 2 млн 100 мың қолданушы тіркелген. Вакцинация паспортын Ashyq қосымшасымен ықпалдастыру жүргізіліп жатыр. Маусым айының соңына дейін Ashyq жобасын әуежайларда, темір жол вокзалдарда енгізу жоспарланып отыр. Осы ретте айта кетерлігі, Ashyq жобасы енгізілген сәттен бері ПТР тестілеудің оң нәтижесімен 4 401 адам және байланыста болған 3 981 тұлға анықталды», - деді министр.

Оның айтуынша, өкінішке қарай кейбір азаматтар ауру екенін және вирусты жұқтырып алғанын біле тұра, үйде оқшаулану режимін сақтамайды. Адамдар көп баратын нысандарға барып, елдің ішінде жүріп-тұруға ұмтылады. Сол арқылы төңірегіндегі адамдарға қауіп төндіреді.

«Осыған орай министрлік ереже бекітіп, ол күшіне енді. Оған сәйкес, карантин режимін бұзушылар айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оның көлемі 87 мың теңгеден асып жығылады», - Алексей Цой.