Қазақстанда әлеуметтік осал топтарға 292 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді

Қазақстанда әлеуметтік осал топтарға 292 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді
Сурет: Ria.ru

600 мыңнан астам қазақстандық жәрдемақы алған.

Еңбек министрлігі жыл басынан бері Қазақстандағы әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілген жәрдемақы көлемі туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Ағымдағы жылдың 8 айында қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 292 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Оның ішінде 2022 жылғы қыркүйек айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 28,9 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 8,4 млрд теңге бөлінді»,- делінген Еңбекмині баспасөз қызметінің хабарламасында.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 533,5 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 180,1 мың адамға жетті.

 Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігіне байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері  54 208 теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы – 47 763 теңге.